
Ғали Есқалиев коронавирус жұқпасынан емделіп жатқан және індетпен күресіп жүрген медицина қызметкерлерімен видео байланыс арқылы сөйлесті.
-Науқастармен жақын байланыс әрқашан емдеуші дәрігерлерге жұқтыру қаупін туғызады. Бұл үшін сіздерді ешкім кінәламайды, керісінше сіздердің ауыр жұмыстарыңыз үшін алғыс айтамыз, - деді облыс әкімі.
Қазір облыста 36 медицина қызметкері инфекцияны жұқтырса, оның төртеуі жазылып шықты.
Жұқпалы аурулар емханасында жатқан науқастар әкімге өздерінің жай-күйі, қандай ем алып, немен тамақтанып жатқанын айтты.
Облыс әкімі олардың тезірек сауығып, қатарға қосылуын тіледі. Себебі қазір әр дәрігер мен медицина қызметкері санаулы шақ. Карантин аяқталып, жақындарына жеткен соң дәрігерлердің еңбегі атап өтілетін болады.
Сондай-ақ әкім жұқпалы аурулар емханасында әлемді сарсаңға салған жаңа жұқпамен бетпе-бет келіп жүрген дәрігерлермен сөйлесті. Қазір олар жақындарына жұқтырмау үшін үй көрмей еңбек етуде.
Кейбір елдер бұл пандемияны экономикаға соғыс сияқты зардап тигізгенін айтуда. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз өте маңызды, сіздерге үміт артып отырмыз. Қалыпты өмір ырғағына тез қосылуды тілейміз, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Дәрігерлер жұмысқа қажеттінің бәрі бар екенін, инфекция болжаусыз әрекет етіп, ауру әр науқаста әртүрлі өтіп жатқанын айтты.
Облыс әкімі облыстық денсаулық сақтау басқармасына барлық мәселе мен ұсыныстарды өзіне мәлімдеуді тапсырды. «Ештеңеден қымсынбай жеткізуді сұраймын. Сіздердің жұмыс сапаңыз түгел облыстың тыныштығына тікелей қатысты» деп атап өтті әкім.
zhaikpress.kz