
Бүгін өңір басшысы ТЖ енгізілгенге дейін қабылдауға жазылған азаматтармен онлайн кездесу өткізді. Осылайша төтенше жағдай мен карантиндік режим талаптарының сақталуы қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, бейне байланыс форматындағы қабылдауға Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков, облыстық басқарма басшылары және "Даму" қоры филиалының директоры қосылды.
Өтініш білдірген азаматтардың басым бөлігі тұрғын үй мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер, АӘК алмайтын немесе өзінің әлеуметтік санатына сәйкес тұрғын үй кезегінде тұрмайтын көп балалы аналар да өңір басшысына өз сұрақтарын қоя алды.
Облыс әкімі әрбір тұрғынды жеке тыңдап, қала және басқарма басшылығына азаматтардың әлеуметтік жағынан осал топтарына, сондай-ақ бизнес саласының өкілдеріне заңнамаға және қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Айта кетейік, облыс әкімінің қабылдауына жазылу үшін тұрғындарға 8 (7112) 24-20-36 нөмірі бойынша қоңырау шалу керек.
Қабылдауға тіркеу сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін жүргізіледі.