БҚО әкімі Ғали Есқалиев Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады

БҚО әкімі Ғали Есқалиев Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады

Құрметті батысқазақстандықтар, қадірлі жерлестер!

 

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!

Көне тарихты ақтарып, қат-қабат беттерінің қайсысын парақтасақ та, халқымыздың асыл армандарының көш басында ең алдымен ынтымақ пен бірлік, татулық пен тыныштық тұрғанын аңғарамыз.

Халқымызда «Бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын» деген жақсы сөз бар. Қалың елдің арман-аңсары – берекелі, тату-тәтті өмір сүру, ел-жұрттың аман болуы, жастардың бақытты да бейбіт өмірінің бұзылмауы. Осынау мақсат-мүдделердің ойдағыдай жүзеге асуы ең алдымен әрбіріміздің қажырлы да қайратты еңбегімізге, өзара түсіністік пен ынтымаққа, еліміздегі ішкі саяси тұрақтылыққа, ұлтаралық және ұлт ішіндегі парасаттылыққа тікелей байланысты.

Қазақстан бүгінде достық пен бірлік мекені болып отыр. Еліміздің ұлтаралық келісімге негізделген бағдар-бағытын әлем жұртшылығы бағалап, мойындады.

Осындай күрделі кезеңде өзара көмек, өзара түсіністік пен қолдау - ең қажетті құндылықтардың бірі болып табылады.

Осы жылы 25 жасқа толған Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл жұмысқа белсенді түрде қосылып, азаматтардың барлық санаттары үшін қайырымдылық көмек көрсетуде.

Республикалық ірі жобаларды ескере отырып, біздің облыстық ассамблея жанындағы еріктілер қозғалысымен бірлесе отырып қайырымдылық керуенін өткізіп, 500-ден астам отбасыға көмек көрсетті.

Осындай жағдайда біз Елбасының қоғамдағы бейбітшілікті, келісім мен өзара түсіністікті қамтамасыз етуге бағытталған саясаты бүкіл әлемдік қоғамдастыққа біздің бірлігіміздің нағыз үлгісін көрсететінін шын мәнінде түсінеміз.

Уақытша қиындықтарға қарамастан, біз ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  алға қойған ауқымды міндеттерді жүзеге асыра отырып, алға қарай қадам басамыз.

Бірлік пен келісімнің арқасында біз қуатты және өркендеген мемлекетті құруда жаңа биіктерге қол жеткіземіз.

Қымбатты жерлестер!

Ынтымақ мерекесі құтты болсын! Әрбіріңіздің шаңырақтарыңызға шаттық, дендеріңізге саулық, бастарыңызға бақ-береке тілеймін!

Қазақстанның көпұлтты халықтары арасындағы бірлік пен ынтымақтастығы нығая берсін! Қазақстан халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтау - біздің парызымыз.

Береке-бірлігіміз арта берсін, ағайын!