Орал қаласында көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы бастау алды

Орал қаласында көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы бастау алды

Құрметті жерлестер!

Облыс халқы, соның ішінде ардагерлеріміз бен спортшыларымыз өңірге көпфункционалды спорт кешені қажет екенін жиі көтеріп жүргенін жақсы білесіздер.

Мемлекет басшысы наурыз айындағы жұмыс сапарында Орал қаласында көпфункционалды спорттық-сауықтыру кешенін салу бойынша тапсырма берген болатын.

Осы тапсырманы орындау үшін біз қаламыздың қарқынды дамып келе жатқан 10-шы шағын ауданынан жер учаскесін белгіледік. Сол жерде бүгін өңіріміз үшін маңызы зор спорт кешеннің алғашқы іргетасы қаланды. Бұл спорт кешен құрылысының ресми басталуы болып табылады.

Аталмыш кешенде әр түрлі жастағы спортшыларға спорттың барлық түрлерімен шұғылдану үшін толық жағдай жасалатын болады. Аға буынның жолын жалғастырған жас спортшылар осы спорттық-сауықтыру кешенінде жаттығып, спорттық шеберліктерін шыңдап, әлемдік сайыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, ел үмітін ақтайды деген сенімдемін.

Баршаңызға белгілі, Президентіміз өз жолдауында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне басымдық беріп, әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажеттігін айтты.
Жаңа аренадан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 9 ауданда спорт кешендері пайдалануға беріліп, 4 кешеннің құрылысы салынуда. 2024 жылдың соңына дейін біз барлық аудандарды дене шынықтыру-сауықтыру кешенімен қамтитын боламыз.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев