
Аталған интернет-ресурста коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары бойынша өзекті ақпарат, азаматтардың қала ішінде қозғалуы және блок-посттардан өту үшін рұқсаттар алуға өтініштер жолдау, Call-орталықтардың телефон нөмірлері, «Жиі қойылатын сұрақтар және оларға жауаптар» салымшасы, сонымен қатар қала дәріханаларында жеке қорғаныс құралдарының болуы туралы өзекті ақпарат, коронавирус инфекциясының таралуы бойынша статистикалық деректердер орналастырылған. Барлық өзекті ақпарат, сонымен қатар жергілікті мемлекеттік органдармен қабылданатын шешімдер аталған сайтта жедел режимде жаңартылып отыратын болады.
Еркін қозғалысты шектеуді енгізуге байланысты жедел штабқа қала кәсіпорындарынан қозғалуға рұқсат беруге өтініштерді өңдеу процесін жеделдету бойынша өтініштер түсуде. Осы тұста рұқсаттардың негізгі қызметі халық пен облыстың өмірін қамтамасыз ету үшін маңызды болып табылатын ұйымдар тізіміне кіретін мекемелерге ғана берілетіндігін ескеру қажет (ауруханалар мен емханалар, әлеуметтік қамсыздандыру, қарттар үйлері, электрэнергетикалық компаниялар, сумен қамтамасыз ету ұйымдары, мұнай-газ өнеркәсібі, газбен, жылумен қамтамасыз ету компаниялары, электрик, сантехник қызметтері, банктік қызметтер, пошталық, курьерлік және жүк тасымалдау қызметтері, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, азық-түлік дүкендері (сағ.09.00-ден 21.00-ге дейін жұмыс жасауға рұқсат берілген), дәріханалар, жанар-жағармай станциялары, өзге де маңызды қызметтер, соның ішінде тамақ өнімдерін, дәрі-дәрмектерді және медицина бұйымдарын және т.б. жеткізу сервистері. Толық тізіммен STOPCOVID.KZ сайтынан танысуға болады).
Бұрын қалалық штаб қала ішінде қозғалу және блок-посттардан өту үшін 800 мекемеге рұқсаттар берген. Аталған мекемелердің қызметкерлері жұмыс орнынан берілетін анықтамамен жүруі тиіс. Алайда бұл жағдайды теріс пайдалану фактілері анықталуда. Өкінішке орай, кейбір мекемелер жұмыс орнынан жалған анықтамалар әзірлеп, өз туыстары мен достарына таратуда. Осыған байланысты біз қозғалысты бақылаудың жаңа жүйесіне көшеміз. stopcovid.kz сайтында кәсіпорын немесе жеке кәсіпкер облыс өмірі үшін шын мәнінде қажетті қызметкерлердің тізімін басшының (немесе өкілінің) атынан онлайн сұраныспен жолдай алады. Бұл қызметкерлер тізімі тексерілетін болады. Енді жаңа жүйенің артықшылықтары туралы айта кетсек, өтініштерді өңдеу процесі автоматтандырылған және рұқсаттарды беру жылдамдығы ұлғайтылған (өтініш берілген күні). Осылайша берілген тізімдерге сәйкес бірыңғай база қалыптасады. Бұл база қала ішіндегі қозғалысты бақылауда ұстайтын полиция қызметкерінің планшетінде «Сергек» қосымшасы арқылы көрінетін болады. Аталған жүйе мемлекеттік мекемелерге де, коммуналдық және жеке кәсіпорындарға да қатысты болады.
Аудандардан қалаға жұмыстарымен келетін кәсіпорындарға қатысты. Олар да stopcovid.kz сайтында тіркеліп, ауданын таңдап, қызметкерлер тізімімен онлайн сұраныс жолдауы қажет. Рұқсатты өңдеу және беру автоматтандырылған. Тіркелуге қатысты барлық ақпарат stopcovid.kz интернет-ресурсында орналастырылған
Сонымен қатар карантин режимін сақтауға мониторинг жүргізу үшін «SmartUralsk» мобильді қосымшасында «Мен карантиндемін» функциясы жүзеге асырылған. Орал қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі №7 қаулысында карантиндегі әрбір тұрғынның міндеттері көрсетілген. Аталған қосымшаны өзінің смартфонына жүктеп, қосымшаға барлық рұқсаттарды, яғни GPS, Wifi, Bluetooth функцияларын қосу қажет. Бұдан әрі «мен карантиндемін» режимін қосып, оны карантин уақыты аяқталғанға дейін өшірмеу керек. Телефон үнемі қосулы және интернетке қосылулы болуы тиіс. Аталған функция карантиндік тәртіпті сақтауға мониторинг жүргізуге көмектеседі, осы арқылы коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуға ықпал етеді. Аталған функциямен қатар медицина қызметкерлері тарапынан телефондарға қоңырау шалу арқылы азаматтардың карантиндік шараларды сақтауына бақылау жүргізу тоқтатылмайды.