Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев жұмыс сапарымен Жаңақала, Жәнібек және Бөкейордасы аудандарында болды

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев жұмыс сапарымен Жаңақала, Жәнібек және Бөкейордасы аудандарында болды

 

Батыс Қазақстан облысы әкімі Н.Төреғалиевтің тапсырмасына сәйкес әкімнің бірінші орынбасары Ержан Балтаев аталған аудандардың бірқатар ауылшаруашылығы нысандарында болып, жергілікті кәсіпкерлермен, ауыл тұрғындарымен кездесті. 

Жаңақала ауданында асыл тұқымды мал өсіретін «SanjarAgroService» ЖШС-нің жаңбырлатып суару әдісі қолданылатын шөп егістігінде, облыстың агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобалар шеңберінде жүзеге асып жатқан «С.Мендешев» ЖШС-нің 1000 басқа арналған бордақылау алаңының құрылысында, ет комбинаты, «Строй База» құрылыс заттары сауда орталығы сияқты шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында болды. Облыстық тұрақтандыру қорының аудандағы операторы саналатын «Saben» супермаркетінің жұмысымен танысып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында айналымды схема арқылы жеңілдетілген шарттармен несие алуды ұсынды.

Бөкейордасы ауданында ангус асыл тұқымды мал өсіруші «Сисенғалиев» шаруа қожалығының, 500 га алқап жерге судан, бидайық шөбін егіп, 1000 бас ірі қара мал бордақылаумен айналысатын «М.Боранбаев» шаруа қожалығының, 1 га аумаққа 200 түп алма ағашын егіп, оған қоса мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған «Пахман» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

Облысымыздағы туризм саласын дамытуда Бөкейордасы ауданында орналасқан «Хан Ордасы» мұражай-қорығының алар орны ерекше. Қазіргі уақытта «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі аясында келуші туристтерге арналған сапар орталығының құрылысы жүріп жатыр. Ержан Балтаев аталған құрылыстың жүргізілу ретімен танысып, жергілікті кәсіпкерлерді туризм саласын дамыту бағатындағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға шақырды.

Өңір басшысы орынбасарының сапары әрі қарай Жәнібек ауданында жалғасты. Ержан Балтаев мұнда да кәсіпкерлік нысандарын аралап, жергілікті кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін талқылады. Жеке кәсіпкер А.Исаевтың мал сою пунктімен танысып, ет өнімін дайын күйінде экспортқа шығару мүмкіндіктерін қарастыру туралы тиісті мекемелерге ұсынысын білдірді. Асыл тұқымды әулиекөл сиырымен қоса, Көшім жылқысын өсірумен айналысатын  «Ақниет» шаруа қожалығында да болып, саумал өндірісін жандандыру мәселесін қарастырды.

 

          Ержан Балтаев үш ауданның тұрғындарымен кездесіп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады. Жергілікті кәсіпкерлерге түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіп ашып, жұмыссыздық санын азайтып, халықтың әл-ауқатын көтеру мүмкіндіктері туралы айтып берді.