17-23 мамыр күндері облысымызда “Түркісой” ұйымының 30 жылдығына арналған «Түркі әлемі» халықаралық өнер шеберлерінің фестивалі ұйымдастырылды.

17-23 мамыр күндері облысымызда “Түркісой” ұйымының 30 жылдығына арналған «Түркі әлемі» халықаралық өнер шеберлерінің фестивалі ұйымдастырылды.

 Фестиваль шеңберінде халықаралық суретшілер симпозиумына Түркия елінен профессор, суретші Алайбей Караоглы, Әзірбайжаннан Рафаэль Алиев пен Гюнай Аскерова, Өзбекстаннан Бахром Рустамов, Қырғызстан елінен Алмазбек Шаршекеев пен Жаныбек Суйунбеков, Қазақстан атынан дарынды қылқалам шеберелері Отарбай Кендір, Қанат Оразов және Мэлс Отаров қатысты.

Түркі халықтарының өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайтын халықаралық «Түркісой» ұйымы 1993 жылы 12 шілдеде Алматыда Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түркіменстан мемлекеттері арасындағы өзара келісімшарт негізінде құрылды.

Түбі бір түркі жұртының ортақ материалдық және мәдени игілігін сақтап, оны дамыта отырып, болашаққа, ұрпаққа аманат етуді көздеген түркітілдес елдердің халықаралық ұйымы биыл өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Кеше “Атамекен” өнер ордасында Орал қаласында алғашқы рет ұйымдастырылған «Түркі әлемі» халықаралық өнер фестивалінің қорытынды гала-концерті өтіп, оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

- “Түркісой” халықаралық ұйымын мерейлі мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.
Осыдан тура 30 жыл бұрын қазақ жерінде негізі қаланған "Түркісой" ұйымы бүгінде түркі мемлекеттер арасындағы мәдениет пен руханияттың алтын көпіріне айналды,-деген өңір басшысы ұйым басшылығы мен фестиваль қатысушыларына Алғыс хат табыс етті.

Шара барысында 2008 жылдан бастап аталған ұйымының директоры қызметін атқарған, Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Құрабайұлы ізгі лебізін білдірді.

Мерекелік шара Түркия елінен келген танымал опера әншісі Йылмаз Демирташ, Өзбекстанның халық әртісі Мансур Ташматов, Татарстан Республикасынан келген жас әнші Зарина Хасаншина, Башкұртстан Республикасының халық әртісі Рамиль Гайзулин, Әзірбайжан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ильхам Назаров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Игорь Благодарный, Жаңылсын Хасанова, Ернар Өмірәлі және Айбар Хайырханов сынды өнер майталмандарының өнерін тамашалаумен жалғасын тапты.