БҚО-да COVID-19 инфекциясын жұқтырған саны 8-ге жетті

БҚО-да COVID-19 инфекциясын жұқтырған саны 8-ге жетті

Ресей Федерациясында вахта әдісімен жұмыс жасайтын 31 жастағы Орал қаласының тұрғынынан коронавирустық инфекция анықталып отыр.

-Ресей Федерациясының Саратов облысымен шекарадағы "Тасқала" автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекетте эпидемиолог мамандармен қашықтық термометрия және сауалнама жүргізу кезінде, азаматтан дене қызуының көтерілуі анықталған. Аталған азамат іс-әрекет алгоритміне сай оқшауланып, жедел жәрдем көлігі шақырылды. Барлық эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтай отырып, аталған азамат провизорлық стационарға жеткізіліп, коронавирус жұқпасына талдау жасалды.

ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы нақтыланды. Қазіргі уақытта облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жеке боксқа орналастырылды.

Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды.

Ауру ошақтарында эпидзерттеу жұмыстары, "Ұлттық сараптама орталығы" БҚО бойынша филиалы дезинфекция орталығы мамандарымен дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді, - дейді БҚО көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев.

Бүгінде аймақта COVID-19 коронавирустық инфекцияға шалдыққан барлығы 8 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ем алуда. Олардың 7-еуі Ресейден (оның төртеуі Өзбекстан азаматы), біреуі Атырау облысынан келді.

zhaikpress.kz