
Сенбі күні облыс әкімі Нариман Төреғалиев дұмыс сапарымен Ақжайық ауданында болып, бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.
Атап айтқанда, Тайпақ ауылындағы 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысында және күрделі жөндеуден өтіп жатқан Тайпақ ауруханасында болып, мердігер өкілдеріне құрылыс жұмыстарын сапалы орындап, мерзімге сай аяқтауды тапсырды.
Тайпақ ауруханасының жұмысымен танысу барысында Нариман Төреғалиұлы ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, кездесу барысында көтерілген жол және тұрғын үй құрылысы, жаңа білім нысандарын салу, "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясындағы несиелендіру мәселелерін талқылады.
Тайпақ ауылындағы жүн өнімдерін шығаратын цехта болған өңір басшысы осы жерде жүнді түп игеріп, аяқ киім шығарумен айналысуды қолға алған ұжымға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Бұдан кейін Нариман Төреғалиұлы Тайпақ ауылының тұрғыны, тыл және еңбек ардагері Сәлима Абуованың шаңырағына арнайы соғып, 93 жастағы апамызға сый-құрмет көрсетті.
Атамекен және Ақсуат ауылдарында жалғасын тапқан жұмыс сапарында облыс әкімі Н.Төреғалиев Атамекенде салынып жатқан М.Өтемісов атындағы 108 орындық жаңа мектептің құрылысымен және Ақсуат ауылының кіреберіс жолының орташа жөндеуімен танысып, халық игілігі үшін маңызды болып табылатын құрылыс жұмыстарының сапалылығына баса назар аударуды тапсырды.