Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Қабылдауда қойылған сұрақтарға сәйкес қала және аудан әкімдіктері мен облыстық басқарма басшылары және құқық қорғау органдардың басшылары қатысты.

Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй алу, кәсіпкерлікті қолдау және тұрғылықты мекен-жайына қажетті инфрақұрылым жүргізуге көмек сұрады.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев қабылдауға келген азаматтардың мәселелері жан-жақты зерттеліп, шешімі заң талаптарына сәйкес қарастырылатынын жеткізді. Кейбір мәселелер бойынша жауапты тұлғалар заң аясында түсіндірме беріп, шешу жолдарын ұсынды.

Мәселен, облыс әкімінің қабылдауына Зачаганск кенті М.Мөңкеұлы көшесіндегі нөмірі 79-шы үйдің тұрғындары тұрғын үйдің төбесі және қабырғасына жөндеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі мәселемен жүгінді. Өңір басшысы аталған мәселемен жіті таныс екенін және қала басшылығына тұрғын үйді жөндеуге қатысты жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

Сондай-ақ, Бахтиярова Айсұлу есімді азаматша Теректі ауданы, Жаңа өмір ауылындағы ПДП-1 құрылыс кешенін электр қуатымен және сумен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Бұдан бөлек, қабылдауға келген Шақкалиев Нұрсайын есімді азамат тұрғылықты жерінен наубайхана ашу ұсынысымен жүгінді. Аталған азаматқа кәсіпкерлік нысандарын ашу мен дамыту бойынша тиісті кеңестер берілді.

Қабылдауға келгендердің мәселесіне қатысты ұсыныстары мен өтініштері облыс әкімі тарапынан қолдау тауып, тиісті сала мамандарына тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov.порталы, е-otinish ақпараттық жүйесі немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.