
ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы бекітілген үстеме ақы белгілеу туралы шешімді бекітті. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында медицина қызметкерлеріне 22,6 млн.теңге көлемінде үстеме ақы төленді.
Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, төлемдер эпидемияға қарсы күрес шараларына тікелей тартылған медицина қызметкерлеріне коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топ бойынша 2020 жылғы 1 наурызынан бастап жүзеге асырылады.
Облыста наурыз айында тікелей тартылған 215 медицина қызметкеріне 22,6 млн. теңге көлемінде үстеме ақы төленді. Олардың ішінде «қауіптілігі аса жоғары» санатында 23 қызметкер, «қауіптілігі жоғары» бойынша 101 қызметкер және «қауіптілігі орташа» санаты бойынша 91 қызметкер бар.
Қазіргі күнде дәрігерлеріміз күндіз-түні үйлеріне бармай, провизорлық стационарларда жұмыс істеп жатыр.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баспасөз брифингінде: «Өте жоғары жұқпалы ауру болғаннан кейін, өкінішке қарай, басқа да мемлекеттердегі жағдайды көріп отырмыз, науқастардың арасында медициналық қызметкерлер де болады. Осы мәселені қарастыра отырып, медициналық қызметкер ауырып қалса, оларға арнайы әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 млн теңге, ал өте күрделі жағдай және қайтыс болған жағдайларда 10 млн. теңге бөлінетін болады. Бұл шаралар өте маңызды. Бұл - мемлекет тарапынан, Мемлекет басшысынан үлкен қолдау. Сондықтан барлық медицина қызметкерлері атынан Президентке рахметімді айтқым келеді» деген болатын.
zhaikpress.kz<