
Қадірлі майдангерлер және тыл ардагерлері!
Құрметті Жайық жұрты!
Сіздерді қастерлі мереке – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл айтулы күн - көзсіз ерлік пен шексіз қаһармандықтың белгісі ретінде тарих бетіне таңбаланды.
Жеңіс бізге қан майдандағы жанқиярлық ерлік пен тылдағы жанкешті бейнет арқылы келді. Отан үшін от кешкендер қасық қаны қалғанша жауға қасқайып қарсы тұрды.
Біздің өңір соғыс кезінде майдан шебіндегі аймақ ретінде Ұлы Жеңіске қосқан үлесі зор. Майданда аталарымыз жаумен алысса, тылда аналарымыз аянбай еңбек етті.
Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын – байрақ, намысын - найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз.
Жау әскерінің табаны қазақ жеріне тимесе де, соғыстың алапат өрті облысымыздың Жәнібек, Бөкейордасы аудандарын шарпып өтті. Батыс Қазақстан облысынан майданға 76 мың жауынгер аттанып, олардың 36 мыңы ұрыс алаңында ерлікпен қаза тапты.
Өкінішке орай, уақыт ілгері жылжыған сайын Ұлы Жеңістің куәгерлері, аға буын өкілдері азаюда. Бірақ олардың ерен ерлігі мен еселі еңбегі — бүгінгі жастарға, кейінгі толқынға мәңгілік үлгі-өнеге.
Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер көрсеткен қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.
Жеңіс күні құтты болсын! Бабалар аманат еткен бейбіт заманда тәуелсіз елімізді өркендетуге бар-күш жігерімізді жұмсайық! Баршаңызға зор денсаулық, абырой және отбасылық баянды бақыт тілеймін!
Аспанымыз ашық, халқымыз аман, жастарымыздың болашағы жарқын, еліміздің келешегі кемел болсын!