
Құрметті батысқазақстандықтар!
1 мамыр – Қазақстанды мекендейтін түрі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір барлық ұлт пен ұлыстың ортақ мейрамы. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген аталы сөзді бойтұмар тұтқан Жайық жұрты мемлекетіміздің тұтастығы жолында ұлтаралық сыйластыққа сызат түсірмей келеді. Ал бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-ырыздығы мол болатыны бесенеден белгілі. Сайып келгенде, мұның бәрі – саяси тұрақтылықтың жемісі, ұлт тұтастығының жарқын көрінісі. Әрі жаңа саяси реформалар дамудың жаңа кезеңіне жол ашып берді.
Талай тар жол, тайғақ кешуді бастан кешірген ата-бабамыз ғасырлар бойы бақытты ел болуға талпынды, теңдік пен татулықты көкседі. Біз – бүгін сол мұрат-мақсаты, асқақ арманы орындалған алдыңғы толқынның тікелей ұрпағы әрі заңды жалғасымыз. Отанымызда ұлтаралық жарасымның нығая түсуіне Қазақстан халқы ассамблеясы да айтулы үлес қосып келеді. Мынау жазиралы өлкемізде бірнеше ұлт-ұлыстың өкілі әлеуметтік-экономикалық әлеуетіміздің артуына белсенді атсалысуда. Осынау баға жетпес құндылықты, яғни бірлікті көздің қарашығындай сақтау – сіз бен біздің келешек алдындағы ортақ парызымыз.
Иә, алдағы мақсат-міндеттердің де жүгі жеңіл емес. Оның бәрін ұйымшылдығымызбен еңсере отырып, қойнауына құт қонып, баурайына бақ дарыған Ақ Жайық атырабын гүлдендіре түсуге үлкен-кішіміз бірге атсалысайық! Баршаңызға осынау мерекелі күні баянды бақыт пен амандық-саулық, тату-тәтті өмір тілеймін!