Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті

Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті


Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өңірге инвестиция тарту, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және ел қазынасынан бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы мәселелері талқыланған аппараттық кеңесі өтті.

Кеңесте облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанна Бекқалиева өңірде облыстың инвестициялық әлеуеті туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл өңірімізде жалпы 54 ірі жоба іске қосылуы қажет. Бүгінде оның 10-ы пайдалануға беріліп, 464 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылған. Айта кетсек, биыл «Ringo-Milk» ЖШС-ның сүт-тауарлы фермасы, «PlayCom Uralsk» ЖК-ның фанера өндіріс орны, «БҚҚМК» АҚ-ның силикатты кірпіш зауыты іске қосылған. «Nurbergen Health Resort» ЖШС-ның қонақ үй құрылысы аяқталып, «Талап» АҚ мен «Олимп» ЖШС-ның ғимараттары салынған. Сондай-ақ «Мерей» ЖШС-ның сауда үйі, «Диана» ЖК-ның құрама жем өндірісі кешені, «Уральск АЗС Сервис» ЖШС-ның жанар-жағармай құю бекеті және «PHX-KZ» ЖК-ның химикалық өнімдер шығаратын зауыты пайдалануға берілген.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,9%-ға өсіп, 501,1 млрд теңгені құраған.

Облыстық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндаған облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаеваның мәліметінше, қаңтар-наурыз айында облыстың жеті негізгі көрсеткіші бойынша оң динамика байқалған. Біріншісі, өңдеу өнеркәсібінде. Нақтырақ айтсақ, машина жасау саласында өнім 46,1%-ға, металлургия өнеркәсібі - 44,3%-ға, мұнайды қайта өңдеу саласындағы өнім 40,4%-ға артқан. Сондай-ақ құрылыс индустриясы өнімдері - 23,2%-ға, химия өнеркәсібі өнімдері – 11,6%-ға, тамақ өнімдері – 2,4%-ға, сусындар өндірісінің көлемі 28,8%-ға артқан.

Ауыл шаруашылығы өнімі 5,5%-ға артып, 28,6 млрд теңгені құраған. Ет өндірісі 8,6%-ға, сүт 2,9%-ға артты. Алайда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру Байтерек, Бөрлі ауданында және Орал қаласында төмен. Тұрғын үйлерді салу қарқыны Бөкей ордасы, Сырым,Теректі аудандарында және Орал қаласында баяу. Инвестиция тарту жұмыстары Шыңғырлау ауданы мен Орал қаласында жоқтың қасы.


Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласына инвестиция тарту жұмыстарының кемшін жүріп жатырғандығын ескертіп, сала мамандарына тапсырма берді.

Сондай-ақ, кеңес отырысында биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы бюджеттің тиімді жұмсалуы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев баяндады.

Жиын соңында өңір басшысы күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша сала мамандарына бірқатар тапсырмаларды жүктеді.

Гүлсезім Бияшева