
Онда су тасқыны кезеңінде облыс халқы мен аумағын төтенше жағдайлардан қорғауға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы мәселе қаралды.
Облыс прокуроры Серік Шалабаев жүргізген отырыс барысында су тасқынына қарсы іс-қимыл кезінде туындайтын негізгі проблемалар талқыланды. Су тасқынының қаупі бар учаскелер анықталды. Көктемгі су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар кешені әзірленді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев қала және аудан әкімдеріне төтенше жағдайлар департаметімен және басқа да құзырлы мекемелермен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар учаскелерде алдын алу жұмысын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ барлық күштер мен құралдар дайын болуы тиіс деді. Тасқын қаупіне күнделікті мониторинг жүргізу қажет екенін айтты.
Облыс прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Умаргалиевтің баяндауынша, елді мекендердің, техника мен материалдық жабдықтардың дайындығын тексеру жөніндегі комиссияның жұмыс нәтижелері бар. Соған сәйкес бүгінгі таңда 10 елді мекеннің әкіміне су тасқыны кезеңіне дайын еместігі туралы ескертулер берілген.
Төтенше жағдай департаментінің деректеріне сәйкес бүгінде облыстағы су тасу қаупі бар 32 ауылда 104 мың халық тұрады.