Нариман Төреғалиев медицина саласының қызметкерлерімен кездесті

Нариман Төреғалиев медицина саласының қызметкерлерімен кездесті



Өңірдегі емханалар мен ауруханалардың бас дәрігерлері, сала ардагерлері қатысқан жиында облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Қалибеков өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамыту мен медициналық емдеу және алдын алу мекемелерінде көрсетілетін қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.

Ең әуелі басқарма басшысы өңірдегі кадр тапшылығы жайына тоқталды.

"Былтыр облысқа 52 жас маман келді. Оның 26-сы ауылдық жерде жұмыс істейді. Соған қарамастан бізге әлі 282 дәрігер жетіспейді"', - деп атап өтті.

Басқарма басшысының есебінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру, мамандардың біліктілігін арттыру, жалақы, медициналық автокөлікпен және құрал-жабдықтармен дәрілік заттар қамтамасыз ету мәселелері де назардан шет қалмады.

Облыс әкімі сала басшысына денсаулық сақтау ісін ілгерілетудегі бірқатар түйткілдерге баса назар аударуды тапсырды. Атап айтқанда, тұрғындардың медицина саласының жұмысына көңілі толмауы, медициналық мекемелердің жеткіліксіздігі, ауру балалар санының артуы ең басты назарда болуы қажеттігін ескертті.

Жиында сала ардагерлері денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді көтерді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі басқарма басшысы жылдық қорытынды есепке дейін айтылған кемшіліктерді жойып, медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.