
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен Орал қаласы мен аудан әкімдерінің, басқармалар мен коммуналдық кәсіпорындардың, сондай-ақ, энергетикалық компаниялар басшыларының қатысуымен аппарат кеңесі өтті. Күн тәртібінде - Президент тапсырмасына сәйкес өңірдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының түйткілді мәселелері қаралды.
Отырыс барысында жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету бойынша Орал қаласы мен аудандарда қабылданып жатқан шаралар туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы – М.Нұртазиев, Орал қаласының әкімі – М.Сатқанов, сонымен қатар, Бөрлі ауданының әкімі, «Жайықжылуқуат» АҚ, «Батыс су арнасы» ЖШС, «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС басшылары баяндады.
Кеңес қорытындысы бойынша өңір басшысы Н.Төреғалиев Орал қаласы мен аудандар әкімдеріне облыста жылу беру маусымының үзіліссіз өтуін қамтамасыз етуді, апаттардың алдын алу үшін халықтың күнделікті тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуіне бақылауды күшейтуді тапсырды.