
5 желтоқсан күні ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиев Батыс Қазақстан облысына келіп, кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірдегі түйіткілді мәселелер қозғалып, талқыға салынды.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, облыста жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының 23,7% -ға өсуі байқалады. Ең үлкен өсім бұл қант бағасы – 67,8%, қарақұмық – 39,3%, күріш – 37,1%, сары май – 34,8%, жұмыртқа – 30,8%, тауық еті – 29,1%, пияз – 28,1%-ды құрап отыр.
«Ағымдағы жылдың 25 қарашасы мен 2 желтоқсаны аралығында облыста рейдтік іс-шаралармен үй жанындағы дүкендердің 99%-ы қамтылды, 8 бұзушылық анықталды. Барлығы 7 әкімшілік іс қозғалды. Сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу тізбегінің делдалдық схемаларын тергеу жөніндегі өңірлік комиссия құрылып, 20 отырыс өткізілді», - деді бірінші вице-министр.
Кездесуден соң, Арман Абайұлы өңірдегі бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, Бәйтерек ауданында орналасқан «Жаңа Әлем» шаруа қожалығының көкөніс қоймасы, «Орал Агро» жеке кәсіпкерінің заманауи көтерме-тарату орталығы, «World Green Company» ЖШС-нің жылыжай кешені және «Орал құс фабрикасы» ЖШС-ның басшыларымен кездесу ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, кездесу барысында бірінші вице-министр өңірлердің ірі сауда желілерімен сауда үстемесін 10%-ға төмендету туралы меморандумдарға қол қойылып, оның ішінде Орал қаласының ірі сауда желілері де бар екенін айтып өтті.
БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі