
Облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғали Есқалиевтың қатысуымен облыстық қоғамдық кеңес жанындағы диалог алаңының отырысы өткізілді. Күн тәртібінде Қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, оның заңды негіздерін және қаржыландыру тетіктерін анықтау туралы мәселе қаралған жиынға БҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы Е. Салықов, облыстық мәслихат хатшысы Б. Қонысбаева, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары, заңгерлер, мемлекеттік мекеме өкілдері қатысты.
Ғали Есқалиев азаматтық қоғамның белсенділігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
- Өздеріңізге мәлім, мемлекет басшысының тапсырмасымен кейінгі 3 жылда бірқатар саяси-экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Өзгерістер қоғамдық бақылау саласын да қамтып отыр. Келесі жылы арнайы заң қабылданады. Жасыратыны жоқ, өңірдегі жол жөндеу, құрылыс жобаларының сапасын қадағалауға мемлекеттік қызметшілердің мүмкіндігі жете бермейді. Осы ретте азаматтық қоғамның белсенділігі керек, - деді өңір басшысы. Ол аймақта қоғамдық қадағалау жұмыстарын қоғамдық бақылауды күшейту және цифрландыру үдерісін дамыту арқылы жандандыруды ұсынды. Осы арқылы жергілікті атқарушы биліктің ашықтығын, есептілігі мен жауапкершілігін арттыруға қоғамның өзі атсалыса алатынын айтты.
Диалог алаңына қатысушылар тақырыпқа қатысты сөз сөйлеп, пікір алысты. Адвокат Мереке Ғабдуалиев ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына былтыр енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың консультативтік-кеңесші, байқаушы құрылымның құзіретін кеңейте түскенін тілге тиек етті.
«Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанова облыстық қоғамдық кеңес жанынан қолданыстағы заң аясында уақытша жұмыс топтары мен комитеттер құрудың, оның сапалық құрамына мән берудің маңыздылығына тоқталды.
Қоғамдық бақылауды күшейтудің бір тетігі - цифрлық жүйенің әлеуетін тиімді пайдалану. Өңірде QR жүйесі негізінде жұртшылықтың қанағаттану деңгейін өлшеу жобасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрсұлтан Нұрлан баяндады.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, саясаттану ғылымдарының кандидаты Хайдар Қапанов әріптестері тарапынан қолдау тапқан өзінің авторлық жұмысы - «БҚО-да 2025 жылға дейінгі жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасын іске асырудың» өңірлік әлеуметтік жобасы туралы айтып, оның бүгінгі тақырыппен де үндесетінін жеткізді. Сондай-ақ, өңірді дамытуға арналған екінші жобасы да өзекті екенін қаперге салды.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері Нұрлан Сәдір, Азамат Мусилов және Біржан Кухаев консультативті-кеңесші, байқаушы құрылымның құқықтық мәртебесін заңнамалық тұрғыда жетілдіруге екпін түсірді. Осы және өзге де азаматтардың ой-пікірін тыңдаған облыс әкімі жергілікті атқарушы билік үшін қоғамдық кеңестердің орны ерекше деді. Аймақ басшысы қоғамдық бақылауға алынатын салалар мен бағыттарды таяу арада қайта нақтылауды ұсынды. Сондай-ақ, сарапшыларды қаржыландыру мәселесін шешуге күш салатынын жеткізді.