Батыс Қазақстан облысында бүгінде сұрапыл соғысты көрген 64 ардагері тұрып жатыр. Қазіргі таңда өңірде ардагерлер мен тыл еңбекшілерін қолдау мақсатында көлемді шаралар ұйымдастырылуда. Мысалы, дәрігелер апта сайын қариялардың үйінде болып, жағдайын ұдайы бақылауда ұстаса, жастар «Ардагерлерді ардақтайық!» атты акцияға белсене атсалысып жүр.
Барлығы майдан үшін! Бәрі де жеңіс үшін! Хамза Сафиннің де жорық жолы тылдағы тынымсыз тірлікпен басталыпты.
Ол кезде небары 16 жастағы жеткіншек жауынгерлерге жылы киім тігетін фабрикада еңбек етті. Кейін жаяу әскер училищесіне қабылданды. Өжет өрен кешікпей майданның алғы шебінен табылды. Бірнеше мәрте ауыр жараланған ол елге оралған соң тұралаған шаруашылықты қалпына келтіруге атсалысты.
Қария қазір де түрлі шараға өзі барып қатысып, кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтып жүреді. Адамға қай кезде де керегі кемел білім. Сондықтан жастар уақыттың қадірін бағалай білгені дұрыс дейді майдангер.
Хамза Сафин, соғыс ардагері:
Мектепте де жақсылап оқу керек. Тек жүру, мен сізге сын айтайын. Мына біздің бұрышымызда институт бар ғой. Мен таңертең қараймын, біздің ауламыздан студенттер кетіп бара жатады. Құлағында құлаққап, қолында смартфон. Басқа дымы жоқ. Қалай оқуға барады? Мен техникумда оқығанда менің 3 қапшық кітабым бар еді.
Қиын-кескі шайқастардың бірінде ауыр жараланып, басшылық құрам оны әскери қызметке жарамсыз деп таныды. Алайда қайсар жауынгер алған бетінен қайтпады. Дәрігерлерді көндіріп, қайтадан майдан шебіне аттанды. Сұм соғыс қаншама асыл ердің өмірін жалмады. Талай боздақ майдан даласында мерт болды. Елге аман оралған біз олардың алдында мәңгі қарыздармыз, - дейді қария. Ерлік істер ел жадынан өшпек емес. Өңірде Жеңістің 75 жылдығын өз деңгейінде атап өту мақсатында түрлі шаралар өтіп жатыр.
Нұрлыбек Даумов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:
- Облыс басшысының тапсырмасымен жұмыс тобы құрылды. Оның ішіне ардагерлер, қоғам қайраткерлері, депутаттар және басқа да кісілер енгізіліп, олар осы Ұлы жеңістің 75 жылдығына арналған шараларды ұйымдастыру бойынша ұсыныстар енгізуде. 9 мамыр қарсаңында оларға бір жолғы төлемақы төленеді. Соғыс ардагерлеріне 300 мың теңге мөлшерінде, тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңге және де соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға 100 мың теңге төлеу көзделуде.
Жеңіс мерекесіне дейін облыс аумағындағы барлық ескерткіштер мен монументтер жөнделмек. Бірқатар ауданда соғыс ардагерлеріне арнап ескерткіштер қою, олардың есімдерін көшелерге беру жоспарда. Сонымен қатар нақты соғыс қимылдары болған Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарында арнайы белгі орнату көзделіп отыр.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат жарылғасов, Қанат Махмұтов