САРЫҚҰДЫҚ МЕКТЕБІ ЕСІГІН АЙҚАРА АШТЫ

САРЫҚҰДЫҚ МЕКТЕБІ ЕСІГІН АЙҚАРА АШТЫ

 

Балалар жылы Казталов ауданында Сарықұдық негізгі орта білім беретін мектебі білім алушыларға есігін айқара ашты. Білім ордасының ашылу салтанатына БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев, аудан әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Сарсенбай Молдашев қатысты. Қадер Қадырәліұлы мектептің құрылысы барысында мердігер тарапынан қиындықтар туындағанын жасырмады.

-Қазіргі таңда ауданымыздың инфрақұрылымын дамыту бағытында ілкімді істер атқарылуда. Мәселен, ағымдағы жылы аудан орталығында екі қабатты, 12 пәтерлі қос тұрғын үй бой көтерсе, алдағы уақытта Казталов және Жалпақтал ауылдарында көп пәтерлі үйлер салуға жобалар дайындалуда. Ал, білім саласы бойынша ауданымызда 600 орындық А.Оразбаева атындағы ОЖББМ мен Жұлдыз ауылындағы А.Хұсайынов атындағы ОЖББМ-нің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылында мемлекеттік қаржы есебінен 8 мектеп пәндік кабинеттермен жаңартылып, жыл соңына дейін 4 мектеп химия кабинеттерімен жабдықталатын болады. Бүгінгі таңда Сарықұдық негізгі орта білім беретін мектебін пайдалануға беріп отырмыз. Шыны керек, қызылордалық мердігер «РеалСтройСервис» ЖШС өз жұмысытарын тиісті деңгейде атқара алмады. Дегенмен, БҚО құрылыс басқармасының ықпалымен мектептің құрылыс жұмыстары қарқын алған болатын. Оқушыларымыз жаңа ғимаратта сапалы білім алып, еліміздің абыройын асқақтатады деген сенімдеміз, - деді аудан әкімінің орынбасары.

Әлібек Сайынұлы аудан жұртшылығын кезекті қуанышымен құттықтап, Сарықұдық мектебінің өңірімізде пайдалануға беріліп жатырған 4-ші білім ордасы екенін атап өтті. Облысымыз бойынша ағымдағы жылы Орал қаласында 1 мектеп, Бәйтерек ауданында 2 жаңа мектеп пайдалануға берілген.
Заманауи мектепте экоаймақ, коворкинг орталығы, спорттық үйірмелер оқушылардың бос уақытының тиімді өтуіне септігін тигізеді. Сынып бөлмелері де бүгінгі күн талабына сай жабдықталып, балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.

60 орындық білім ордасында 75 бала білім алуда. Мектептегі барлық сынып бөлмелері ғаламторға қосылып, интерактивті тақтамен жабдықталған. Ал, кітапханада 10 орындық оқу залы, мәжіліс залында 60 орындық көрермен залы бар. Қазіргі таңда 24 ұстаз оқушыларға сапалы білім беруде. Оның ішінде 2 педагог-зерттеуші, 6 педагог-сарапшы, 7 педагог-модератор және 1 жоғары санатты мұғалім бар. Мектеп оқушылары да аудандық, облыстық, республикалық білім сайыстарында, спорттық додаларда, мәдени-көпшілік байқауларда топ жарып жүр. Мәселен, мектептің 8 сынып оқушысы Жансерік Сағынгерей өзінің бос уақытында анимациялық мультфильмерді түсірумен айналысады. Ол өзі әзірлеген «Бауырсақ» ертегісі желісімен дайындалған, 300 кадрлық анимациялық мультфильмін көпшілік назарына ұсынды.