
Бүгін Орал қаласының жастары орталық саябақ ішіне құстарға арналған 20 ұя орнатты. Нұрай Темірғали есімді шаһар тұрғынының бұл бастамасын облыс әкімі Ғали Есқалиев қолдап, игі іске ат салысты.
Жыл құстарына қамқорлық танытуды Нұрай 2018 жылы бастаған. Сол жылы 17 жасқа толған бұрымды өз туған күнін атап өтуге кететін шығынды құстарға ұя салуға жұмсаған. Сол жылдың желтоқсанында Нұрайдың бастамасымен саябаққа 17 ұя қондырылған. Өткен жылы да бұл игі бастама жалғасын тауып, саябақ ішіне 18 жем сауыт орнатылыпты.

-Құстардың тіршілігін зерттейтін ғалымдардың айтуынша, біз секілді қысы қатты аймақта құстардың жаппай қырылуы байқалған. Деректерге сүйенсек, қыс мезгілінде құс атаулының 60-70 пайызы суыққа шыдамай ажал құшады екен. Құстарға қамқорлық танытуды жылма-жыл дәстүрлі түрде өткізіп келемін. Дәл бүгін тапсырыспен 19 жасыма байланысты 19 ұя жасаттым. Әр ұяның құны 2500 теңгені құрады. Өзім секілді қоғамдық өмірге белсенді араласатын жастардың көмегімен бүгін сол ұяларды теректерге орнаттық. Менің бастамамды қолдап, игі іске атсалысуға келген облыс әкімі мен басқарма басшыларына зор алғыс айтамын,-дейді Нұрай Абзалқызы.
Жастардың бастамасына арнайы қолдауға келген Ғали Есқалиев өз қолымен терекке ұя орнатты.
-Еріктілер жылына орай айына екі-үш шараларға қатысамын деп өзіме мақсат қойған болатынмын. Нұрайдың ерекше бастамасын әлеуметтік желіден көрген едім. Өңір волонтерларының сайтына арнайы тіркеліп, бұл шараға қатысатынымды жаздым. Волонтерлар менің ұсынысымды қабыл алды. Өңір жастарының құстарға қамқорлық танытуын қолдаймын. Біздің өңір экологиялық ахуалы жағынан ауасы ең таза, жасыл желекке оранған өңір болып табылады. Осы құндылығымызды сақтап, келер ұрпаққа осы қалпында жеткізу әрқайсымыздың міндетіміз,-деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Нұрай еріктілер жылына байланысты арнайы ашылған www.volunteer07 сайтына өз бастамасы туралы хабарлама жариялаған. Жыл құстарына қолдау көрсету шарасын өңір басшысымен бірге бір қатар басқарма басшылары да қолдап, жасалған ұяның шығынын төлеуге атсалысқан.
Саябақтағы игі шараған қатысқан 40-қа жуық өңір жастары мен мекеме-кәсіпорын басшылары бір кісідей жұмылып, ұяларды теректерге орнатты.
Нұрбек Оразаев,
сурет: Эльвира Меңдіғали
zhaikpress.kz