Бейбіт жиындар жайлы заң жобасы талқыланды

Бейбіт жиындар жайлы заң жобасы талқыланды

Бүгін Орал қаласында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Данияр Есин азаматтық қоғам белсенділерімен кездесіп, «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасын таныстырды.

– Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет алдына митингілер туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде нақты міндет қойды. Осыған сәйкес Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы тұжырымдамалар мен заң жобаларын әзірледі. 1995 жылғы заң жалпылама сипатта болды. Негізгі құқықтық регламент мәслихаттар құзырында болды. Заңнаманың жетілдірілмеуі жергілікті өкілетті құрылымдардың әртүрлі талапты белгілеуіне себеп болды. Мәселен, қалалық мәслихаттардың бірі бейбіт жиын ұйымдастыруға болатын орынды белгілесе, басқа өңірде митинг өткізуге болатын қосымша регламенттеу бойынша жеке ережелер бекітілді. Жаңа заңды қабылдау республиканың барлық өңірінде бейбіт жиынды өткізуге болатын бірыңғай ережені белгілеуге ықпал етпек, – деді Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Данияр Есин.

Басқосуда Данияр Есин бейбіт жиналыстың негізгі қағидаттары белгіленгенін хабарлады. Жиын зорлық-зомбылық сипат алып кетпеуі, заңды болуы керек. Мемлекеттік қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке, нұқсан келмеуі тиіс. Адамдардың құқығы мен бостандығының сақталуы, денсаулығына залал келмеуі, жиынға ерік түрде қатысуы назарға алынады. Бейбіт жиын өткізуге болатын арнайы орындарды анықтау заң жобасында қарастырылған. Тәртіп бойынша белгіленген орында инфрақұрылым нысандарын ұйымдастырушылар мен қатысушылардың пайдалану мүмкіндігі, санитарлық ережелердің сақталуы, адамдар қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Президент тапсырмасына сәйкес жиын өткізетін орын «қала шетінде» емес, елді мекендердің орталық алаңында болады. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Данияр Есин арнайы орындарды анықтау мен бейбіт жиын өткізу мәдениетін арттыруға, еркін пікір білдіру алаңының қолжетімді болуына, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал ететінін айтты.

– Заң жобасында жергілікті өкілетті құрылым белгілеген орында екі жүз елуден аз адам қатысатын пикет, митинг, жиын үшін хабарландыру тәртібі бекітілген. Белгіленген мерзімде жергілікті құрылым хабарландыруға жауап бермеген жағдайда бейбіт жиынды өткізуге болады деп есептелінеді. Ал екі жүз елуден астам адам қатысқан шеру, демонстрация, митинг үшін жергілікті атқарушы құрылымның келісімі қажет. Пикет өткізу хабарландыру тәртібі негізінде қарастырылады, – деді Данияр Есин.

Заңда бейбіт жиналыс ұйымдастырушыларының, қатысушыларының және журналистердің мәртебесі мен құқығы бекітілмек. Бейбіт жиын кезінде үгіт жүргізу құқығына да қатысты заң талаптары енгізілмек. Басқосуға қатысқан қоғам белсенділері заң жобасына қатысты пікірлерін ашық білдірді. «Қоғамда жаңа заң талаптарының ашық талқыланып жатқанына қуанамын. Бейбіт жиын өткізуге рұқсат беретін жергілікті мәслихаттарға зор жауапкершілік жүктелмек. Қала орталығынан митинг, шеру өткізуге рұқсат берілгені дұрыс. Сонымен қатар 250 адам жиналуы керек деген шектеуге қатысты заң талабына нақты түсінік берген жөн. Хабарландыру немесе заң шеңберінде рұқсат алуға байланысты аралас тәртіптің бекітілетіні де дұрыс шешім», – деді «Ақ отау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алтынай Есқалиева. Ол заң жобасы қоғамда еркін пікір білдіру мәдениетінің дамуына, демократия талаптарының нығаюына оң әсерін тигізетініне сенімін білдірді.

Нұртай Текебаев

Суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz