Ең алдымен облыс басшысы Жақсыбай ауылындағы су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан екі пәтерлі үш және бір пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты.
Мердігері – «Жайық Сити» ЖШС. Құрылыстың жалпы құны – 183 млн 347 мың 301 теңгені құрайды. Тұрғын үйлерді қазан айында пайдалануға беру жоспарлануда. Одан бөлек су тасқынынан зардап шеккен 30 тұрғын үйдің иелеріне барлығы 45 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда тұрғындардың барлығы дерлік үйлеріне жөндеу жұмыстарын жасап алған. Сонымен қатар Жақсыбай ауылдық округінің әкімі Алмат Қаратаев су тасқынынан кейін қалпына келтірілген жұмыстарды атап өтті. Мәселен, ауылдағы айналма жолдарды және Ақадыр елді мекеніндегі аспалы көпірді күрделі жөндеуге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта мердігер - «Брат М» ЖШС көпірге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, айналма жолдың алты жеріне су өткізгіш тұрбаларды қойды. Сол сияқты Жақсыбай сайы арқылы өтетін жаяу адамға арналған көпірді су тасқыны кезінде шайып кеткен болатын. Көпірді қалпына келтіру жұмыстарына аудан әкімдігінен 2 млн теңге қаражат бөлініп, қажетті құрылыс материалдары алынды.
Құрылыс басында облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы ауыл ақсақалдары және тұрғын үй иелерімен кездесіп, тілдесті. Құрылысы жүріп жатқан үйдің иесі Элеонора Хамитованың қуанышында шек жоқ. Ал екі пәтерлі тұрғын үйдің иесі Наурыз Каргин "жауын-шашын басталмай тұрып, үйдің төбесі тезірек жабылса екен" деген уәжін айтты.
Әрмен қарай облыс басшысы Жәнібек - Талов - Кіші өзен бағытындағы 2-27, 27-33, 33-48 шақырым және Қамысты ауылына кіреберіс жолдың күрделі жөндеу жұмыстарын көрді.