Оралда «Жас сарбаз - 2020» әскери-спорттық ойынының ашылу салтанаты өтті

Оралда «Жас сарбаз - 2020» әскери-спорттық ойынының ашылу салтанаты өтті

Орал қаласындағы Жеңіс алаңында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына және Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 31 жыл толуына орай «Жас сарбаз - 2020» әскери-спорттық ойынының ашылуы өтті.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев патриоттық тәрбие мен отан сүйгіштіктің маңыздылығына аса мән береді. Біз, ең алдымен, сұрапыл соғыста Отан қорғаған ардагерлерімізді құрметтеуіміз керек. Қазақстан – бейбіт ел. Біз ешкімге соғыс тілемейміз. Бірақ, өкінішке орай, әлемде дүрбелең бар. Кейбір елдер бір-біріне соғыс ашып, соның салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегуде. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған жерді қорғау үшін жастар жан-жақты дайын болу керек. Бүгінгі әскери-спорттық ойынға қатысушы жастарды да Отанын қорғауға әзір және еліміздің нағыз патриоттары деп білемін. Сіздер әркез тәрбиелі және елжанды болуларыңыз керек, - деді облыс әкімі Ғ.Есқалиев.

Өз кезегінде жеті жыл Отан қорғау жолында от кешкен соғыс ардагері Минжан Абдрахманов сап түзеп тұрған жастарға аталық ақжарма тілегін арнаса, «Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлерінің БҚО қоғамы» ҚБ төрағасы Беркінғали Ғабделов те жас өркенге жарқын болашақ тіледі. Одан әрі шара қонақтары майдан даласында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

2018 жылы Елбасының бастамасымен елімізде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы құрылғаны мәлім. Облыс әкімінің әскери қауіпсіздік-қорғаныс мәселелері жөніндегі кеңесшісі, полковник Мақсат Мұқановтың айтуынша, 12 аудан орталығы мен Орал қаласындағы үш мектепте аталған бірлестік  тұрақты жұмыс істейді. Ол негізінен жастар арасында әскери-патриоттық жұмысты жетілдіруді, Қазақстан қарулы күштерінің беделін көтеру мен әскери қызметті насихаттауды, салауатты өмір салтын ұстануды көздейді.

Сонымен енді жас сарбаздар бір апта бойы қорғаныс және әскери дағдыларға қатысты білім-біліктерін сынаса, жалпы ойын 21 ақпан күні қорытындыланбақ.

Ясипа Рабаева

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz