
Жақында Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы 23 адамдық ұжымымен 11 күн жол жүріп, Қырғызстан Республикасына барып қайтты.
Жалпы, бұл ұжым «Қадыр жолымен» жобасы аясында осыдан бес жылдай бұрын «Дала дидары» атты көшпелі өнер ұжымын құрып, Батыс Қазақстан облысының аудандарын, көршілес өңірлерді бұрын да аралап жүрген еді. Бірақ бұл жолғы алыс та күрделі сапардың жөні бөлек.
Бүгін осынау ұлттық өнерді өзге жұртта насихаттап, Қадыр Мырза Әлідей даңқты, дара тұлғаның рухани мұрасын ұлттық деңгейде ұлықтап жүрген өнер ұжымын облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов арнайы қабылдап, мемлекеттік деңгейдегі үлкен шаруаны абыроймен атқарып келгендері үшін ризашылығын білдірді.
-Сіздерді Қадыр қазынасы және қасиетті Ақ Жайықтың өнерін насихаттап келген гастролдік сапарыңыздың сәтті аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақтың маңдайына біткен Қадыр Мырза Әлідей даңқты, дара тұлғаның рухани мұрасын ұлттық деңгейде ұлықтау ұрпаққа жүктелген аманат деп білеміз.
Осы бағытта «Қадыр жолымен…» жобасы аясында «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымын ұйымдастырып, Қызылорда, Түркістан облыстары, Шымкент қаласы, Қырғызстан Республикасының Талас, Ыстықкөл облысы мен Бішкек қаласына өнер сапарымен барғаныңыз батысқазақстандықтар үшін үлкен мәртебе деп санаймын,-деген Бақытжан Хаберұлы аталмыш жобаның жетекшісі Бауыржан Халиолланы және өнер ұжымын Алғыс хаттармен марапаттады.
Айта кету керек, көшпелі өнер ұжымы өз атауын «Дала дидары» деп қоюы тегін емес. Қадыр ақынның дәл осылай аталатын жинағы бар. Жоба аясында алыс-жақындағы ағайынға тұтасымен Қадыр ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, әзіл-қалжыңдары айтылатын, афоризмге айналған ойлары мен өлеңдері оқылатын сахналық бағдарлама тарту етілді. Орталық туралы дайындалған бейнефильмнің де мазмұны байсалды. Тағы бір ерекшелігі – концерттегі шығарманың барлығы тек табиғи дауыста орындалды.
Өз кезегінде Бауыржан Халиолла осы сапарда Қадырсарай ұжымын қолдаған танымал өнер шеберлері Жаңылсын Хасановаға, Қайрат Кәкімовке, Дастан Есентеміровке, Ернар Өмірәліге және үлкен ұжымды қарсы алып, жағдайын жасаған Ө.Шөкеев, Н.Нәлібаев Ш.Мұқан сынды өнер жанашырларына ризашылығын жеткізді.
Осы жобада толықтай тасымалдау жауапкершілігін өзіне алып, көлікпен қамтамасыз етуде қолдау танытқаны үшін белгілі кәсіпкер, депутат Нұрғазы Сәтбайұлы Сәтбаев ризашылығымызды білдіреміз!