
Өңірімізде жергілікті жолдарды дамыту, сапасын жақсарту бағытында 60 жоба іске асырылуда. Қаржыландыру көлемі бұдан бұрынғы жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда 2-3 есе артық. Осы шаруалар уақтылы әрі сапалы атқарылса, жыл соңында жақсы және қанағаттанарлық күйдегі жол үлесі 50%-ға жетеді. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі аппаратының кеңесінде айтылды.
Жиында 2022 жылға арналған “Қуатты өңірлер-ел дамуының драйверлері” ұлттық жобасы аясында жергілікті маңызы бар аутокөлік жолдарының желілерін және жол бойындағы сервисті дамыту мәселесі қаралды.
-Ағымдағы жылы жергілікті жолдарды дамытуға жалпы 26,7 млрд.тг қаражат бөлініп, 60 жоба (21 – ауыспалы, 39 - жаңа) іске асыру жоспарлануда. Соның ішінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен 23,8 млрд.тг және жергілікті бюджеттен 2,5 млрд.тг.
Бөлінген қаражатқа 350 шақырым жергілікті жолдарды жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарда бар.
Биылығы қаржыландыру көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2-3 есе көп.
Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша жоспарланған 60 автожол жобасының 55 жоба бойынша жұмыстар басталып, 70 шақырым жол жөнделді, қалған 5 жоба бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда,-деген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев жолдарды дамыту жобалары туралы жоспарларымен бөлісті.
Осы мәселе төңірегінде «QAZAVTOJOL» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Қазбек Мамбетов республикалық жолдарды жөндеу, күтіп ұстау туралы баяндады.
Сондай-ақ, басқосуда “Салауатты ұлт» әрбір азамат үшін сапалы әрі қолжетімді денсаулық сақтау” Ұлттық жобасы аясындағы іс-шаралардың Батыс Қазақстан облысында іске асырылуы талқыланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибеков әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған жобаның төрт бағыты бойынша жан-жақты баяндады.
Жиынды соңында өңір басшысы Ғали Есқалиев кеңесте көтерліген мәселелер бойынша сала мамандарына нақты тарсырмалар жүктеді.