
Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев өңірімізге келген кино және театр актеры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешованы қабылдады.
-Қазақ киносының тарихында алтын әріппен жазылған «Қыз Жібек» туындысының шоқтығы қашанда биік! Ұлт өткенінен, дәстүрі мен бар болмысынан сыр шертетін танымал фильм жарты ғасыр бұрын көрерменге жол тартса да, әлі құндылығын жоғалтпай келеді.
Осы ретте басты рөлді сомдаған Сізбен жүздесудің сәті түскеніне біз қуаныштымыз. Бүгінгі кеште сүйікті көрермендеріңізбен кездесіп, елдің ыстық ықыласына бөленетіңізге сенімдімін,-деген өңір басшысы өнер иесіне «Қош келдіңіз» айтып, бүгінгі өнер кешінің сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.
Өз кезегінде Меруерт Қаратайқызы өзін құшақ жая қарсы алған жерлестеріне алғысын білдіріп, облыс әкіміне Қазақ ұлттық өнер университетінің жас мамандарды даярлау бағытында атқарып жатқан жұмыстары жайында айтты.
Әңгімелесу барысында отандық драматургия мен театр өнерін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.