
Сапар басында облыс әкімі ҚР «Құрметті жолшысы» еңбек ардагері, Казталов ауданының «Құрметті азаматы» Мұқсен Ғұбайдоллаұлы Бақтыгереевтің 85 жасына қараған шағында кенеттен қайтыс болуына орай марқұмның шаңырағында болып, ардагер ақсақалдың ұрпақтары мен тума-туыстарына көңіл айтты.
Жұмыс сапары барысында Ғали Есқалиев Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандары тұрғындары тағатсыздана күтіп отырған республикалық маңызы бар жолдардың құрылысын бақылады.
Сонымен қатар, облыс әкімі Жәнібек ауданында темір дәуіріне жататын оба орнындағы археологиялық қазба жұмыстарымен танысты.
Түстен кейін өңір басшысы аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуге облыс әкімінен бөлек ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сұлтан Ақшалов, БҚО мәслихатының хатшысы Бибігүл Қонысбаева, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, саяси партия мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Алдымен аудан әкімі Азамат Сафималиев алдағы жоспарлар туралы қысқаша баяндама жасады.
Сондай-ақ, облыс әкімі Жәнібек ауданына сапары барысында аудан тұрғындарын жеке қабылдап, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асты.