Ақбөкенді қандай тағдыр күтіп тұр?

Ақбөкенді қандай тағдыр күтіп тұр?

Облыс әкімдігінде жиын өтіп, оның күн тәртібінде киіктердің санын реттеу және осы сирек кездесетін жануарлардың мекендеуі үшін резерват құру туралы мәселе қаралды. Нәтижесінде осы түрдің популяциясын жоғалтпауға мүмкіндік беретін тетіктерді әзірлеу бойынша жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, жиында батысқазақстандық шаруалардың киіктердің санын қысқарту туралы базынасы да қаралды.

Кеңеске экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова, облыс әкімі Ғ.Есқалиев және салаға жауапты басқарма, мекеме басшылары, ғалымдар қатысты.

Кеңес жұмысын ашқан БҚО әкімі Ғали Есқалиев оңтүстік өңірлердің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен ақбөкендердің ауыл шаруашылығына зиян келтіретініне бірнеше рет шағымдар түскенін хабарлады.

- 2012 жылы киікті атуға тыйым салатын мораторий енгізіліп, күшейтілген қорғауға алынған болатын. Содан кейін популяция шамамен 10 мың басты құрады, қазір популяция өсті, жойылу қаупі өтті, мораторий өз міндетін орындады. Енді бізге ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен жергілікті тұрғындардың мүдделерін қорғау қажет. Біздің облыста браконьерлік жағдайлар да аз емес. Статистикалық мәліметтер бойынша бірнеше жыл ішінде 136-дан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 8 мыңнан астам мүйіз тәркіленді. Айта кету керек, мүйізді сақтауға жыл сайын бюджеттен 40 млн теңге жұмсалады, – деді БҚО әкімі.

ЭГТРМ вице-министрі Әлия Шалабекова Қазақстан Республикасының Үкіметі "Бөкейорда" мемлекеттік табиғи резерваты мен "Ащыөзек" қорықшасын құру туралы қаулы қабылдағанын хабарлады. Аталған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандарының аумағында орналасатын болады. Бұл мақсатқа бюджеттен 300 млн теңге бөлінді.

- Резерваттың штаттық саны 78 бірлікті құрайды, оның ішінде 53 адам инспекторлық қызметпен айналысатын болады, қазіргі уақытта кадрларды іріктеу жүргізілуде. Бұл табиғат қорғау мекемесінің негізгі мақсаты киіктерді қорғау және олардың популяциясын сақтау болып табылады. Резерват базасында ғылыми жұмыстар жүргізіледі, көші-қон жолдарын қадағалайтын боламыз. ЕҚТА-да осы түрдің мекендеуі үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалады.

 

Бұл жануарлардың ЕҚТА-ға қоныс аударатын түрі екенін ескере отырып, біз осы аумақта мүмкіндігінше көп жануарларды ұстап тұру үшін жақсы жемшөп базасы мен су көздерін қамтамасыз етуге тырысамыз. Әрине, резерват аумағында кез-келген аң аулауға тыйым салынады,-деді вице-министр.

Сондай-ақ, жиында ғалымдар мен сала мамандарының ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды.

Кеңес жұмысын қорытындылаған БҚО әкімі Ғали Есқалиев киіктердің санын реттеу тетіктерін әзірлеу бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды. Уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, фермерлік шаруашылықтардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобының жетекшісі болып БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов тағайындалды.