ОБЛЫС ӘКІМІ ЖАҢАҚАЛА АУДАНЫНДА БОЛДЫ

ОБЛЫС ӘКІМІ ЖАҢАҚАЛА АУДАНЫНДА БОЛДЫ

 

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Жаңақала ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында алдымен аудан әкімі Д.Закарин ауданның даму деңгейі, алдағы тұрған келелі мәселелер, атқарылар ауқымды жұмыстар туралы есеп берді.
Жакақала ауданы мал шаруашылығы дамыған аудан. Бұл ауданда да әлеуметтік мәселелермен қатар кезек күттірмейтін ауылшарушылық мәселелері бар. 2021 жылғы есепті кездесулердегі аудан тұрғындарының ұсыныс – пікірлерін іске асыру бойынша аудандық іс-шаралар жоспары дайындалып, жоспар тұрғындар көтерген 61 ұсыныс-пікірден жасақталды. Күні бүгінге 34 ұсыныс-пікір орындалып, 27 ұсыныс орындалуда.
Жиында сөз алған облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы Жаңақала ауданының даму қарқыны жөнінде айтып өтті.
- Құрметті жаңақалалықтар! Өздеріңізге белгілі соңғы 2 жылда тұрғындармен кездесу өткен жоқ. Оның басты себебі қауіпті дерттің асқынуы, пандемияның белең алуы. Әкімдердің есеп беруі жаңа форматқа көшті. Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Жаңақала ауданы облысымызда маңызы бар іргелі аудандардың бірі. Әр ауданға сай жетістігі де, кемшін тұстары да бар. Үш-төрт айдан кейін тағы да кездесуге келеміз. Бүгін жауабы табылмаған сұрақтардың шешімін сол кезде айтатын боламыз. Еліміздің дамуы үшін әрқайсымыз білек сыбана іске кірісуіміз қажет. Мемлекет алдында әрқайсымыздың үлкен жауапкершілігіміз бар, осыны ұмытпайық, - деді облыс әкімі Ғ.Есқалиев.
Одан әрі сұрақ-жауап форматына көшіп, тұрғындардың сауалдары мен ұсыныс-пікірлері тыңдалды. ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Закария Сисенғали ауданаралық сауықтыру-оңалту орталығына «Жансая» деген атауды беру туралы және С.Меңдешев есімін Жаңақала колледжіне беру жөнінде ұсынысын білдірді. Нәсіпқали Ахметов Кіші Айдархан елді мекеніндегі ауыз су мәселесін көтерсе, Зулфия Қарашева мемлекеттік балабақшадағы жылу жағдайының мәз еместігін жеткізді. Аудандық мәслихат депутаты Айымгүл Мүбәракова С.Меңдешев ауылдық округінің кірме жолына қатқыл табанды жол төсеу кезек күттірмейтін жұмыс екендігін атап өтті. Шаһидолла Әбуғали аудан көлеміндегі электр бағаналарының өте ескі екендігін, жауапты мекеме соларды ауыстырса деген базынасын айтты.
Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға тиісті мекеме басшылары мен аудан әкімі Д.Закарин және облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы жауап берді.