БҚО-да «Антикор орталығы» ашылды

БҚО-да «Антикор орталығы» ашылды

Бүгін ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО департаменті жанынан «Антикор орталығы» ашылды.

Тұрғындарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша сапалы кеңес беру және қолайлы жағдай жасау, бұл бағыттағы жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бой көтерген сервистік орталықтың лента қию рәсімін ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар мен облыс әкімі Ғали Есқалиев өткізді.

Сервистік орталықтың бірінші қабатында келушілерді қабылдайтын арнайы кабинеттер орналасқан. Азаматтарды жайлы күту үшін балаларға арналған ойнау алаңы, бейнероликтер көрсетілетін LED-тв экрандарымен жабдықталған. Ғимараттың екінші қабатында баспасөз орталығы мен «Ақжайық – адалдық алаңы » жобалық кеңсесі бар.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде «Антикор орталығы» тұрғындарға есігін айқара ашып отыр.

Мұнда азаматтар өздерін толғандыратын мәселелер бойынша құқықтық көмек ала алады, сондай-ақ орталық жемқорлық індетін жоюға жұмылуға дайын жұртшылықтың бас қосатын орын болмақ. Орталық қызметкерлеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Жалақылары да жоғары. Есесіне олар сыбайлас жемқорлықты болдырмауға атсалысу үшін аянбай еңбек етеді деп сенемін, - деді өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы.

Өз кезегінде ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар аталмыш сервистік орталықты мемлекет пен қоғам, жергілікті тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға сеп болатынын атап өтті. Сондай-ақ ол орталықтың ашылу салтанатынан соң жұмыс сапарымен Орал қаласындағы бірқатар нысанды аралады.

Айта кетсек, Орал қалалық №2 соттың фронд-кеңсесі мен облыс әкімдігінің ғимаратында орналасқан «Ақжайы - адалдық алаңы» кеңсесінің қызметкерлерімен кездесіп, жұмыс барыстарымен танысты.