
Сырым ауданы өңірдің оңтүстік-шығысында орналасқан аудан.
12 ауылдық округі, 38 елдімекені бар Сырым ауданында кезек күттірмейтін мәселелер бар. Осы жылдың ақпан айында аудан әкімінің барлық елді мекендерде тұрғындармен өткен кездесуінде
тұрғындар тарапынан жалпы 40-қа жуық сауалдар қойылып, ұсыныс-пікірлер көтерілген. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі электржелілері жүйесін жөндеу, елді мекендерді абаттандыру, автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстау, елді мекен көшелерін жарықтандыру, әлеуметтік нысандар салу, тұрғын үй құрылысын жүргізуге қатысты болды. Облыс әкімі Ғ.Есқалиевтің тұрғындармен кездесуінде де тұрғындар пікіріне басымдық берілді.
Айта кету керек, аудан тұрғындары облыс әкіміне сұрақтарын есеп беру кездесу барысында, YouTube арнасындағы ресми аккаунтта онлайн-трансляция арқылы қоюға мүмкіндік алды.
Кездесу аяқталған соң, Ғали Есқалиев жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура және ішкі істер органдарының басшылық құрамымен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңестер мүшелерімен, жергілікті зиялылармен бірлесіп, азаматтарды жеке қабылдауды өткізді.