
Аталған мекеме 2016 жылғы 22 сәуірдегі №137 "Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының "Мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубы” мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнын құру туралы” қаулысына сәйкес құрылған болатын. Бүгінде клубта спорттың 16 түрі бойынша 215 спортшы шұғылданады. Олар: жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, таэквондо, пара волейбол, пара шаңғы, жүзу, грек-рим күресі, дзюдо, жұп армрестлинг, шағын футбол, садақ ату, бадминтон, шахмат және дойбы.
Бүгінде спортшылар облыстық, республикалық шараларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр. Жуырда облыстық команда Нұрсұлтан қаласында өткен ҚР кубогында отырып ойнау волейболынан жүлделі 3 орынға ие болды.
Мекеменің материалдық-техникалық әлеуеті мен оқу-жаттығу процесіне баса назар аударған өңір басшысы Ғ.Есқалиев спортшыларға паралимпиадалық спорт залын ашу туралы ұсыныстарын қарастыратынын жеткізді.