Жастарға арналған жәрмеңке

Жастарға арналған жәрмеңке

Бүгін Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Жастарға жұмыс» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Шара жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыруды,  жұмысқа орналасуын және мемлекеттік бағдарламалар жөнінде ақпарат беруді көздеді. Бұндай жәрмеңке жылана үш рет өтеді. Қазір облыс бойынша 130 мыңнан астам жас бар. Олардың ішінде NEET санатындағы жастар 2,7 пайыз болса, жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызды құрап отыр. Бұл жәрмеңкеде ұсынылған 800 ваканцияның елуден астамын жұмыс берушілер ұсынып отыр. - Ауылдық жерлерге негізінен педагогика, медицина, ветеринария саласындағы қызметкерлер қажет. Қала бойынша құрылысқа қатысты мамандар, яғни электрик, ағаш шебері секілді басқа да жұмысшылар жетіспейді. Былтыр өткен үш бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 6 мыңдай адам қатысқан болса, нәтижесінде 800-ден астам адам жұмысқа орналасты. Байқағанымыздай, адамдардың көпшілігі ауданауылдарға жұмысқа барғысы келмейді. Алайда біз ауылдық жерлерге жақсы кадр мамандарын жолдау бағытында жұмыстанамыз, - дейді облыстық жастар мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораш. Шара барысында «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары, кәсіп ашу, тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктері және еңбек биржасы бойынша тегін кеңес беру бұрыштары қызмет көрсетті. Жәрмеңкеде облыстағы ірі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар, қала мен аудандардағы мемлекеттік мекемелер бос жұмыс орындарын ұсынды.