
Алдымен көктемде су басу қаупі басым Зачаганск кенті мен Құс фабрикасы ауданына барып, су тасқынына қарсы дайындық барысымен танысты. Сапар барысында облыс басшысына көктемде су тасқынын болдырмау және арық жүйелерін тазалау жұмыстары, тасқын суларды қабылдау мен өткізуге қатысты мәселелер баяндалды.
Жәңгір хан көшесі, Н.Назарбаев даңғылының бойындағы кәсіпкерлік нысандарды аралаған өңір басшысы олардың санитарлық тазалығы мен ғимараттардың қасбеттерін тексерді.
Орал қаласында 1 сәуір мен 1 маусым аралығы көктемгі санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру екі айлығы болып жарияланды. Көктемгі сенбіліктерді өткізу қаланың барлық инфрақұрылымын жазғы кезеңге кешенді дайындауға бағытталған. Осы орайда облыс басшысы меншік иесіне қарамастан әр нысанның аумағын жинау, көгалдандыру, ғимараттардың қасбеттерін сырлау жұмыстары жүргізілуі тиістігін атап өтті.
-Ғимараттарды тарихи келбетін сақтау – Батыс Европаның қақпасы саналатын Орал қаласы үшін маңызы зор. Мақсат - тек нысан келбетін ғана емес, тұрғындарға ыңғайлы қызмет көрсету. Яғни, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустардың болуы, реңі кеткен аумақты сырлау, бояу, жарықшам орнату және ағаштар егіп, қоқыстан тазарту,-деген өңір басшысы кәсіпкерлерді жұдырықтай жұмылып, қаланы бірге көркейтуге шақырды.
Сондай-ақ, қала әкімі А.Шыныбеков сенбілік барысында қала тазалығына салғырт қараған мекемелер штаб отырысының шешіміне сай абаттандыру ережесінің сақталуына қатысты ҚР әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің 505-бабына сәйкес шара қолданылатынын ескертті.