
Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен аудандарда тұрмыстық қалдықтар полигондарын ұйымдастыру, кәріздерді тазалау, Орал қаласын сумен қамтамасыз ету және басқа да мәселелер бойынша кеңес өтті.
– Облыс бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 147 полигон бар. Соның тек екеуіне санитарлық, экологиялық талаптарға сәйкес рұқсат құжаттары ресімделген. Алдағы уақытта Орал, Ақсай қалалары мен Чапаев, Казталов, Жалпақтал ауылдарында жаңа полигон құрылыстарын жүзеге асыру қажет. Ауылдық елді мекендерде қалдықтарды сұрыптау және өңдеуге шығару бойынша жұмыстар жүргізілді. Алты ауданға қалдықтарды пресстеу аппараттары сатып алынып, (Сырым, Казталов, Теректі, Бөрлі, Ақжайық, Қаратөбе). Жеті ауданда полигон сенімгерлік басқаруға берілген (Сырым, Жәнібек, Казталов, Бөкейордасы, Теректі, Бөрлі, Ақжайық). 2021 жылы Орал қаласынан 50 шақырым радиусты ғарыштық мониторингтеу барысында 253 нүктеде рұқсатсыз қоқыс орындары анықталды. Соның 205-і жойылды, 11-і расталмады, 7-і жеке аумақта орналасқан. Заңсыз қоқыс орындарын жою көрсеткіші 83%-ды құрайды. Сұрыпталған қалдықтарды жинау, өңдеуге тапсыру, полигонға шығару, көму – кәсіпкерлерге жүктелетін міндет. Облыс орталығынан қайта өңдеу нысандарын ашқан жөн, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Халелов.
Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоғжановтың айтуынша, Раздольный ауылында «Раздолье» ЖШС-нің жетекшісі Владимир Шевчук үш жыл қатарынан ауылдастарынан таза мал көңін сатып алып, егіс алқабына төгеді. Егер алған көң құрамынан өзге заттар, тұрмыстық қалдықтар шыққан жағдайда сатқан тұлға шаруаға ақшасын қайтарады. Топыраққа енгізілген көңнің бір тоннасынан 30-50 келі қарашірік пайда болады.
– Қазіргі уақытта ауданның 68 елді мекенінің 30 ауылында қатты-тұрмыстық және биологиялық-органикалық қалдықтарды орналастыруға арналған полигондар бар. Бүгінде аудан бойынша 314 контейнер қойылған. Новенький ауылында қоқыс шығаруды жеке тұлға жүзеге асырады. Переметное, Дариян, Махамбет ауылдарында сарқынды суды тазартудың құрамдастырылған контейнерлік жүйесін салу қажет, – деді Марат Лұқпанұлы.
Өз кезегінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Миржан Нұртазиев тұрмыстық кәріздерді терең биохимиялық тазалау мақсатында құрылғылар орнату керек екенін және электр қуатының сөніп қалуына көбінесе ауа-райының қолайсыздығы себепші болатынын, электр желілері әбден тозған аймақтар жиі қараңғылық құрсауында қалатынын айтты.
Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков облыс орталығын үздіксіз сумен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы жеткізсе, «І-Komek 109» call-орталығы қызметінің директоры Рақымқұл Айтмағамбетов әлеуметтік желілер мониторингі бойынша ақпаратпен бөлісті.