
Сенбі күні облыс әкімі Ғали Есқалиев Сырым ауданына іссапармен барды. Өңір басшысы алдымен Бұлан ауылындағы «Бұлан» шаруа қожалығына ат басын тіреді. Қожалықтың тыныс-тіршілігімен танысып, қыстақты өткеру жайын білді. 2017 жылы құрылған қожалықтың басшысы Махамбет Досалиев облыс әкіміне шаруашылығын таныстырды. Оның мәлімдеуінше, негізгі бағыт – мал шарауашылығы. Бау-бақша егумен де айналысады. 228 ірі қарасы болса, оның 108-і аналық. 213 бас қылқұйрықтының 101-і бие. Қысқа 930 тонна шөп дайындаған. 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, жаз мезгілінде тағы қосымша 4 адам әлеуметтік жұмысқа тартылды.
Бұлан ауылдық округінің халқын көптен бері мазалап жүрген мәселенің бірі – жол. Ауылға кіре беріс жолды жөндеудің жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Шешімін таппай келетін байланыс мәселесі бойынша жеке кәсіпкер Оралбай Жақсымбетов өз қаражатына байланыс мұнарасын орнатып берді. Енді байланыс тәрелкесін қондыру қалып тұр.
Аудан орталығына келген Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Нәжімеденұлы «Everest» супермаркетінің жұмысымен танысты.
– Супермаркетке азық-түлік аптасына екі рет Орал қаласынан тасымалданады. Болашақта тәтті нан өнімдерін шығару жоспарымызда бар. Сұрыпталған картоп 250 теңгеден саттықта, -деді «Everest» супермаркетінің әкімшісі.
Ғали Нәжімеденұлы сүт, макарон өнімдеріні ауданға қайдан тасымалданатынын және көтерме бағасы мен саттықтағы бағасын білген соң, кәсіпкерлерге өңір өнімдері сатылатын «Ел ырысы» базарынан алуға ұсыныс білдірді.
Аудандық мәдениет үйінің фойесінде ұлттық өнердің хас шебері Нұрболат Қабиев, Мұрат Рамазановтар қолөнер бұйымдарын, ауылдық округ әкімдері ауыл-елді мекендердің даму жағдайы туралы, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Саламат Хамидуллин аудан кәсіпкерлерінің сатып алған құрылғыларымен, саттыққа шығаратын өнімдерімен таныстырды.
Ғали Есқалиев аудандық мәдениет үйінде өткен «Ауылдық елді мекендердің тұрақты дамуының жолдары» атты семинар-кеңеске қатысып, төрағалық етті. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды, тәжірибе алмасуды мақсат еткен семинар-кеңеске Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарының әкімдері, орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиынды қорытындыған өңір басшысы жеке кәсібін ашқысы келетін тұрғындарға мемлекеттен кайтарымсыз грант ұтып алудың артықшылықтары туралы ақпарат берсе, Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарының әкімдеріне қыркүйек айынан бастап мектеп, балабақша, аурухана асханаларын тек жергілікті өніммен қамтамасыз етуді тапсырды.
Өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы 2020 жылдың қорытындысымен ауданға 420 млн теңге субсидия төленіп, 53 техника жеңілдікпен алынып, кәсіпкерлердің төлеген салығы небәрі 23 млн теңге екенін мәлімдеді. Ауылдық округ әкімдеріне шаруа қожалықтарда ресми түрде жұмыс жасап жүргендер саны мен қожалықтардың салық төлеу мәселесіне баса назар аударуды тапсырды.
Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мирам Қайырғалиев баяндама жасап, округтің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен даму бағыты жайлы айтты.
«Байер Қаз» ЖШС-нің аймақтық өкілі, ауыл шаруашылық ғалымдарының кандидаты Алдаберген Нұғманов құрғақшылыққа төзімді дақылдар туралы, соның ішінде құмай жайлы толығырақ айтып берді. 2021 жылы Сырым ауданының «Жібек жолы» ШҚ 80 га алқапқа құмай дақылын егіп, әр гектарынан 11 центерден өнім алды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Райса Еркеғалиева ауылдық елді мекендердің жалпы жағдайы туралы баяндады. Облыстағы 416 ауылдық елді мекен бар. 221 ауыл даму әлеуеті бойынша перспективалы ауылдардың қатарына жатады. 77 ауыл тіректі, 109-ы спутник, 35-і шекара маңында орналасқан стратегиялық маңызды ауылдар. Әкімшілік маңызы бойынша 12-сі аудан орталықтары болса, 147-сі ауылдық округтердің орталығы. Ауылдар білім беру, денсаулық сақтау объектілерімен, жарық, телефон байланысымен толықтай қамтылған.
«Шыңғырлау-1» ауыл шаруашылық кооперативінің төрағасы Нұрлыбек Қалиев ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы, төрт түлік малдың өнімділігін арттырып, мемлекеттік қолдауға қол жеткізе отырып, өндірілген өнімді өткізу үшін кооперативке бірігудің маңызы жайлы айтты. Тәжірибесімен бөлісті.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов баяндама жасап, бизнесті қолдаудың қаржылық және қаржылық емес түрлері, оқыту, несиелендіру, елімізде үш жылдан бері жүзеге асырылып келетін «Қарапайым заттар экономикасы» жайлы айтты. «Ақжайық Атамекен» бағдарламасын түсіндірді.