Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және негізсіз өсірмеу мәселесі талқыланған жиын өтті. Басқосуға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, сауда үйінің иелері, наубайхана, базарлардың басшылары қатысты.
- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 19 түрі бар. Алда жаңа жыл мейрамы келе жатқандықтан, тұрғындар осы өнімдерді, тұрмыстық тауардарды көптеп алатыны белгілі. Халық көп алғандықтан, сатушылар тауардың бағасын қымбаттатып жатады. Бағаның күрт өсуі халықтың әлеуметтік осал топтарына және аз қамтылған отбасыларға айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне не сұраныстың артуына байланысты тауар құнының өсуіне жол бермеуіміз керек,- деді жиынның ашылуында сөз алған облыс әкімі.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Уахитовтың айтуынша, аталмыш департамент тауар нарықтарында бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы басшылықты жүзеге асырады және өз қызметінде ҚР Кәсіпкерлік кодексінің талаптарын басшылыққа алады. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу мақсатында монополияға қарсы құрылым тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізіп, тауар нарығындағы бағалардың мониторингін жүргізеді. (195-бап ҚР КК) Биыл Департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты 9 талдау жүргізген. Оның қорытындысы бойынша бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін бірқатар кәсіп иелеріне ескертпе берілген. Олардың ішінде "Едаменко", "Марченко" "Абатов" жеке кәсіпкерлігі мен "Dina Market", "Идеал Маркет", "Перун Трейд", "Астанапрод", "Орал Логистик" секілді ЖШС-лар бар. Сондай-ақ биыл нан, жұмыртқа, ұн және тауық етін өндірушілердің бағасын көтеру мүмкіндігі туралы жария өтініш фактісі бойынша департамент 6 ЖШС-ға ескерту берген. Айта кетсек, "Жайық Ет", "Желаев нан өнімдері комбинаты", "Белес-Маркет", "Орал құс фабрикасы", "Агрофирма "Акас" , "Уральская птицефабрика" ЖШС бар.