БҚО әкімі Ғали Есқалиев батысқазақстандықтарды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады

БҚО әкімі Ғали Есқалиев батысқазақстандықтарды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады

Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!


Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – біздің еліміздің тарихындағы маңызды кезең. Осы жылдар ішінде еліміз зор жетістіктерге қол жеткізген, күрделі сын-қатерлерді еңсерген үлкен жолдан өтті.

Жаңа Қазақстанның негізі қаланды, мемлекеттік шекара мен рәміздер анықталды, ел Конституциясы қабылданды, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осының бәрі мемлекеттің даму стратегиясын құрудың сенімді іргетасы болды.
Біз тарих тұрғысынан алғанда қысқа мерзім ішінде жаңа Қазақстанның негізін қаладық. Тұғыры берік, экономикасы қуатты, беделі биік мемлекетке айналдық.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында тыныс-тіршіліктің барлық саласына қан жүгіріп, әлеуметтік-экономикалық жағынан дамудың даңғыл жолына түсті.
БҚО-да азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартқан түбегейлі өзгерістер орын алды.

Тәуелсіздік жылдары экономика мен әлеуметтік саланың үдемелі дамуымен сипатталады.

Тәуелсіздікті айтқанда, ана тілімізді айтпаса болмайды.
1986 жылы Жұбан ағамыз тіл мәртебесі туралы жаңайқайын үлкен мінберлерде ашық айтты. Аңсаған арманымыз орындалып, егемендік алғаннан кейін тіл мәртебесі ақиқатқа айналды.
Кішкене мысал ретінде келтіріп өтсем, сол жылдары Орал қаласында қазақ мектептерінің саны не бары үш пайыз құраса, күні бүгінге қазақ тілінде білім беретін мектептер саны 88%-ға жетіп отыр.

Қысқа мерзім ішінде облыс өнеркәсіптік өндірісі дамыған энергетикалық тәуелсіз өңірге айналды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі жүздеген есеге ұлғайды. Өңір, республиканың тауарлық газдың 35% - ын өндірсе, біздің флоттар үшін кемелер, армия үшін қорғаныс өнімдері, өрт сөндіру қызметіне арналған арнайы техникалар шығарылды. Үй құрылысы комбинаты іске қосылып, трансформаторлар, шыны өнімдері, жиһаз, тамақ өнімдері және т.б. өндірісі жолға қойылды. 

Тұрғын үй құрылысының қарқыны бірнеше есеге өсіп, шалғайдағы ауылдық елді мекендер газдандырылып, таза ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Бұрын-соңды болмаған жолдар салынып, жөнделді.

Кез-келген халықтың табысқа жетуі азаматтарына байланысты. Бұл – өмірдің заңы. Адам капиталы мықты мемлекет барлық қиындықты еңсере алады. Тәуелсіздік кезеңінде халқымыз елдіктің бірегей үлгісін көрсетті. «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтылмаған. Шын мәнінде, біздің бүгінгі жетістігіміз – барша халқымыздың ортақ жеңісі.

Мемлекет басшысы атап өткендей: "Біздің ортақ мақсатымыз – Отан игілігі үшін, Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін еңбек ету".

Осы айтулы күні отбасыларыңызға бейбітшілік пен келісім, зор денсаулық, бақыт пен амандық тілеймін! Әр шаңырақ жылулық пен қуанышқа толы болсын.
Біздің Отанымыз - Қазақстан Республикасы гүлдене берсін.