
2 сәуір – аутизм туралы хабар таратудың халықаралық күні. Осыған орай, «Асыл мирас» аутизм орталығының ұйымдастыруымен Орал қаласында бірқатар шаралар өтті. Біз аталмыш орталықтың супевайзері Айнагүл Есенғалиеваны әңгімеге тарттық.
– «Асыл Мирас» орталығы өткен жылы балалар күні қарсаңында өз жұмысын бастады. «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің жанынан ашылған бұл орталықта күнгі бүгінге дейін 200-ге жуық мүмкіндігі шектеулі бала диогностикадан өтіп, курстық көмек алды. Қазргі күнде 300-дей бала біздің орталықтан әдістемелік көмек алу үшін арнайы тіркеуде тұр. Біз оларды кезегімен қабылдап, ата-аналарына бағыт-бағдар беріп, түрлі жұмыстар жасап жүрміз. Орталық ашылар алдында 8 маман Астана қаласына барып, өз білімін көтеріп қайтқан болатын. Орталық мамандары әр үш ай сайын өз білім-біліктерін толықтыру мақсатында жұмыстанады. Орталыққа жазылған әр баламен мамандар жұмасына үш рет, бір сағат бойы жұмыстанады. Ата-аналардың көпшілігі перзентін ауру деп ойламайды. Тілі шықпай жатса еркелік деп ойлап уақыт өткізіп алады. Негізі сәбиге ерте диогностика жүргізілсе, баланы әрі қарай дамытуға болады, -дейді Айнагүл Есенғалиева.
Заманауи барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген орталықта балаларға қажетті бар жағдай жасалған. Әр кабинетте мамандар баламен түрлі жұмыстар жүргізуде. Бұл күні «Асыл Мирас» орталығының алдында еріктілер «Бар бала бірдей! » деген ұранмен аспанға әдемі шарлар ұшырды.
№21 орта мектепте өткен «Әр бала мектепке лайық» атты конференцияда аутист балалардың ерекшеліктері туралы айтылды. Қазіргі күнде аталмыш білім ошағында аутизм дертіне шалдыққан жеті бүлдіршін білім алуда.
-Біздің мектебімізде аутистік мінез-құлықты оқушыларға арналған инклюзивті қолдау кабинеті қыркүйекте ашылды. «Болашақ» корпоротивтік қорының қолдауымен ашылған кабинетте баланың ерекшелігіне орай, бар жағдай жасалған. Негізгі мақсат-балалардың үйден оқу шеңберінен шығып, өзі қатар құрбыларымен бірге мектепте білім алуына жағдай жасау –дейді №21 орта мектебінің директоры Лаура Шаркубенова.
Аутизм – әлеуметтік қарым-қатынас жетімсіздігіне соқтыратын ми қызметінің бұзылуы. Аутизмнің белгілері – ең алдымен дүниеге келген сәби анасының дауысына мән бермесе, ата-ана алаңдай бастауы тиіс. Айлар өткен соң сәби көз тоқтатып, қарайтын кезде оның назар аудармайтынын үлкендер байқаса, алаңдауға негіз бар. Тағы бір ерекшелігі-сәби жақсы көретін затын ұстап алып, айрылмауы мүмкін. Бір орында отырып теңселе берсе, шыр көбелек айнала берсе, құлағын баса берсе, бір заттарды қатарынан тізіп қоя берсе, сөйлемесе ата-ана ерте жастан баланы дәрігерлерге көрсеткені жөн, - дейді мамандар.