
Орал "Зенит" зауытының басшысы, Қазақстанның құрметті инженері Вячеслав Валиев 70 жасқа толды. Облыс әкімі Ғали Есқалиев мерейтой иесіне ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыс етті.
Кездесу барысында өңір басшысы Вячеслав Валиевтің өңіріміздің дамуына қосқан үлесі мен еңбек жолын атап өтті.
- Сіздің еңбек жолыңыз жас ұрпақ үшін үлкен үлгі. Сіз қарапайым жұмысшыдан бастап инженер-конструктор, кейін бас конструктор және 30 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның ең мықты өнеркәсіптік кәсіпорындарының бірін басқардыңыз. Сіздің тікелей басшылығыңызбен тәуелсіздік жылдарында 30-дан астам түрлі қайықтар мен кемелер шығарылды. "Зенит" зауыты - әскери – теңіз күштері мен шекара қызметі үшін осындай өнім шығаратын Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын", - деді облыс әкімі.
Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңінде "Зенит" зауыты да көптеген қиындықтарды бастан өткерді. Бүгінгі таңда зауыт өнімдерінің жоғары сапасы белгілі, өйткені әр өнімнің артында ондаған мың жұмысшылардың еңбегі жатыр.
Мерейтой иесінің еңбегі "Құрмет", "Парасат" ордендерімен, "Еңбектегі ерлігі үшін" медалімен және басқа да наградалармен марапатталды. В.Валиев облыстың қоғамдық өміріне белсенді қатысады, облыстық мәслихат шақырылымының депутаты болған.
Өңір басшысы Вячеслав Валиевтің зауыттың табалдырығын алғаш рет 16 жасында аттағанын, содан бері зауыттың игілігі үшін еңбек ету оның өмір бойғы кәсібіне айналғанын атап өтті. "Зенит" басшысы зауыт дамуына үнемі зор қолдау көрсеткені үшін ел басшылығына алғысын білдірді.
– Биыл зауыт ірі мемлекеттік тапсырыс алды. Бүгінде бұл зауыт үшін ең маңызды жоба. Жоба мерзімінде, сапалы жүзеге асырылатынына және кәсіпорынның кезекті мақтанышына айналатынына сенімдімін, – деді облыс әкімі.