
ҚР ауылдық округтері мен аудандық маңызы бар қалалары әкімдерінің сайлауын өткізуге байланысты БҚО Полиция департаментінің барлық жеке құрамы күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Ернар Сұлтанғалиев мәлімдеді.
«Бүгінгі күні облыс бойынша қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға 121 полиция қызметкері жұмылдырылды. Түрлі құқық бұзушылықтарға, оның ішінде сайлау өткізу орындарында жедел ден қою үшін қосымша жедел-тергеу топтары құрылды. Олардың құрамына прокуратура қызметкерлері де кіреді. Бюллетендер әкелінгенге дейін барлық сайлау учаскелері қауіпсіздік тұрғысынан тексерілді. Полиция бюллетендерді сайлау орындарына жеткізу кезінде ілесіп жүруді қамтамасыз етті», - деді Ернар Сұлтанғалиев.
Полиция подполковнигінің айтуынша, «Сайлау туралы» Заңның 39-бабына сәйкес, полиция қызметкерлерінің сайлауды өткізу процессіне араласуға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларда болуға құқығы жоқ.
Бұл ретте олар сайлау учаскелеріндегі қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесуді комиссия төрағасы шақырған жағдайда ғана жүзеге асырады.
Жалпы, қазіргі уақытта облыста және сайлау учаскелерінде жағдай тұрақты, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ.
БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі