БҚО ӘКІМІ САМБОДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

БҚО ӘКІМІ САМБОДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

 

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев осы жылдың маусым айының басында Ташкент қаласында өткен ерлер мен әйелдер арасындағы спорттық және жауынгерлік самбодан Азия чемпионатында ел намысын қорғаған спортшылармен кездесті.
Дәстүр бойынша, ересек спортшылармен қатар елдің жастар мен жасөспірімдер құрамаларының өкілдері жарысты.
Өңір басшысы Батыс Қазақстан самбо мектебі спортшыларының халықаралық жарыста лайықты өнер көрсеткенін атап өтті.
Біздің спортшылар 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.
Темірлан Көлбай 98 келіден жоғары салмақ дәрежесінде бірінші орын алса, Қазбек Сұпығалиев пен Нұрбол Серіков 64 келіде және 71 келіде күміс медалға ие болды. Әділбек Сейсов 64 келіге дейін, Риза Сүлейменова 72 келіде және Замир Хамзин 98 келіде чемпионаттың қола жүлдегері атанды.
Кездесу барысында атап өтілгендей, бәсекелестік деңгейі артып, медалдық жекпе-жектер әлдеқайда қиын және тартысты өтті. Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар осындай үлкен жарыстарды сағынғандарын жасырмады.
Кездесу соңында Ғали Есқалиев спортшыларға мықты денсаулық және үлкен табыстар тіледі.