Облыс әкімі Ғали Есқалиев осы аптада мамандандырылған ХҚКО-ның қызметімен, облыс орталығындағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін жол учаскелерімен, сондай-ақ өсімдік шаруашылығымен айналысатын "Уланов” ШҚ жұмысымен танысты.
Алдымен өңір басшысы жалпықалалық сенбілікке қатысты.
Бұдан кейін өңір басшысы Ғали Есқалиев Шолохов көшесі, Әбілқайыр хан даңғылы, Жайық өзені арқылы өтетін көпірдегі, Абай даңғылы мен Восточный көшесінің қиылысындағы проблемалық жол учаскелерімен танысты. Облыс әкімі жол мәселелерін шешу жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын атап өтіп, ең алдымен қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуді міндеттеді.
Өңір басшысының жұмыс сапары Бәйтерек ауданындағы өсімдік шаруашылығымен айналысатын "Уланов” ШҚ базасына жалғасты. “Уланов” шаруа қожалығы бүгінде өңірде өсімдіктерді өсіру және сату саласындағы көшбасшы шаруашылықтардың бірі болып табылады. Шаруашылық биыл облыс орталығына 1708 дана раушан, 4168 көпжылдық және 109 200 дана біржылдық көшеттер отырғызуды жоспарлауда.
Бұдан бөлек, осы аптада өңір басшысы есепті кездесуде тұрғындар көптеп шағымданған Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметімен танысты. Тұрғындар әсіресе, “В" (жеңіл автомобиль) санатындағы көлік жүргізу емтиханын тапсыру кезіндегі үлкен кезекке шағымданған болатын. Өңір басшысы мамандандырылған ХҚКО-да туындаған мәселелермен жіті танысып, оларды жою бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Кездесу барысында өңір басшысы сала мамандарына орталыққа қойылатын талаптарға сәйкес қосымша автокөлік сатып алу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.