Бүгін Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, республикалық айтыс – VII «Алтын домбыраның» иегері Жансая Мусинаның «Жансая Мусинаның өнер мектебінің» ашылу салтанаты өтті.
Шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, БҚО Мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, өңірдегі белгілі ақын-жазушылар – Дариға Мұштанова, Үзілдік Елеубайқызы, басқа да өнер майталмандары, мәдениет ошақтарының басшылары қатысты.
Ашылу салтанатында Бақытжан Нарымбетов құттықтау сөз сөйледі. Алдымен Жансая Мусинаны бүгінгі туған күнімен құттықтады. Сондай-ақ ақынның мектеп ашу жөніндегі қолға алған ісіне сәттілік тілеп, қолдау көрсететінін жеткізді. Ж.Мусинаның ел тәуелсіздігі жолында өлең-жырмен қосқан зор үлесін ерекше атап өтті.
Осында белгілі ақын, журналист Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ сөз алып, мектеп жұмысына батасын берді. Бөкей ордасы ауданының 220 жылдығымен тұспа-тұс келген «Мусина мектебінің» ашылуын тарихи сәйкестік деп атап, Жәңгір хан ашқан мектептің жолын берсін деген ниетін жеткізді.
Б.Нарымбетов пен Ғ.Сейтақ мектептің тұсаукесер рәсімін жасады.
Мектептің жұмыс жоспарымен танысқасын, Жансая Мусина шара қонақтары алдында мектептің алғашқы оқушыларына шеберлік сағатын өткізді.
Ашылу салтанатында «Серілер» квартеті, белгілі жыршы-термеші Фархат Оразов, жас ақын Әділ Ахметов өнер көрсетті.