Бүгін өңір басшысы Ғали Есқалиев майдангер Алевтина Митрохина мен медицина саласының ардагері Фатима Есекенованы төл мерекелерімен құттықтады.

Бүгін өңір басшысы Ғали Есқалиев майдангер Алевтина Митрохина мен медицина саласының ардагері Фатима Есекенованы төл мерекелерімен құттықтады.


Жас ғұмырын соғыс шарпыған Алевтина Тимофеевна елдің гүлденуіне елеулі үлес қосып, ұзақ жыл өңірдің медицина саласында қызмет еткен.
Ресей Федерациясында туып өскен ол 1940 жылы Өзен орта мектебінің 8 сыныбын бітіреді. Соғыс басталған кезде мектеп жанындағы ауруханада жұмыс істей жүріп, соғыс уақытындағы медбикелерді даярлау бойынша 6 айлық курстан өтеді. Курсты аяқтағаннан кейін әскери комиссариатпен 15994 әскери бөліміне жолданды. 1942 жылдың қараша айында госпиталь Сталинград майданына жіберіліп, 62-ші армия құрамында Сталинград шайқасына қатысты. 1943 жылдың ақпан айында бөлім 3-ші Украина майданының әскерлері құрамына берілді. Майдангер Украина, Молдова, Румыния, Югославия, Венгрияны Азат етуге қатысқан. Жеңіс күнін Будапештте қарсы алды. 1945 жылдың қазан айында өзінің болашақ жолдасы Л. Митрохинді кездестіріп, сол жылдың қараша айында Орал қаласына келеді. Оралдағы медучилищені бітіріп, 31 жыл медициналық училищеде лаборант, кейін оқытушы болып жұмыс істеді. Қызметпен бірге қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, Орал қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Облыс әкімі Алевтина Тимофеевнаға ел қорғауда көрсеткен асқан ерлігі мен соғыстан кейінгі жылдары сіңірген еңбегі үшін алғыс айтып, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі.

Бұдан кейін өңір басшысы Фатима Захарқызының үйінде болып, осынау шуақты мерекемен құттықтады.
Фатима Захарқызы саналы ғұмырын облыстың медицина, соның ішінде гинекология саласына арнап,  саланың дамуына зор үлес қосты.
Ол 1971 Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін бітіріп келгеннен кейін, Еңбек жолын Қазталов аудандық орталық ауруханасынан бастаған. Кейін қалалық №2 перзентханасында маман, №1 перзентханада директордың орынбасары лауазымын абыроймен атқарған.
Бүгінде ол сүйікті қызметінен қол үзбей, өзінің бай теориялық білімі мен практикалық тәжірибесін кейінгі жастармен бөлісіп келеді.
Еңбек ардагеріне өңір басшысы жастарды тәрбиелеу жолындағы ерен еңбегі үшін алғыс айтты.