
БҚО әкімі Ғали Есқалиев Самара облысының губернаторы Дмитрий Азаровпен екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Батыс Қазақстан мен Самара облыстары арасында түрлі салаларда тарихи достық, тату көршілік өзара қарым-қатынастар қалыптасқан. Өңір басшысы Ғали Есқалиев атап өткендей, Самара облысының аумағында 16 мыңға жуық қазақ тұрады, олардың басым бөлігі батысқазақстандықтардың бизнестегі серіктестері болып келеді.
2018 жылы БҚО әкімдігі мен Самара облысының арасында шекара маңы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылған болатын. Осы Келісім шеңберінде сауда-экономикалық қызмет, селекция және тұқым шаруашылығы, денсаулық сақтау, балалардың мәдени-танымдық демалысы, қосымша білім беру, спорттық іс-шаралар бойынша белсенді өзара байланыстар жүргізілуде.
Онлайн кездесу барысында облыс әкімі ынтымақтастық пен бизнес тұрғысынан үлкен әлеуетке сенім білдірді.
Бүгінгі таңда БҚО-нан экспортталатын тауарлар ішінде трансформаторлар, ірімшіктер, бидай ұны және макарон өнімдерінің көлемі басым. Самара өңірі тарапынан БҚО-ға біздің өңірде де өндірілуі мүмкін өнімдер келіп түсуде. Батыс Қазақстан облысына импортталатын тауарлардың ішінде гипстен жасалған құрылыс материалдарының, гидрооқшаулағыш материалдардың, сүт өнімдерінің, тағамдық қоспалардың, санфаянс өнімдерінің, автокөлік құралдары және тағы басқалардың көлемі басым. - Қазақстан аумағында оқшауландырылатын өндірістер үшін жеңілдіктер қарастырылған. Олар мемлекеттік заттай грант және белгілі бір кедендік баж салығынан босату болып табылады. Жобалар үшін кемінде 2 млрд.АЕК 8 жылдан 10 жылға дейін салық жеңілдіктері беріледі, – деп атап өтті облыс әкімі.
Өңір басшысы Самара тарапына әлеуетті жобалар тізімімен бірге өзінің WhatsApp нөмірін берді, оған БҚО-нан бизнес ашуға мүдделі кәсіпкерлер тікелей хабарласа алады.
Сонымен қатар, біздің облыстың компаниялары Самара өңірімен жұмыс істеуге қызығушылық танытуда. Мәселен, "Стекло-Сервис" ЖШС өндірісін кеңейту мақсатында Самара облысында көлік-логистикалық орталық орналастыруды жоспарлауда.
Сондай-ақ, облыс әкімі көлік-логистикалық орталық салу жобасын бірлесіп жүзеге асыру идеясын айтты. -Самара облысы шекарасындағы "Самара-Шымкент" а/ж бекеті арқылы тәулік сайын 800-ден 1000-ға дейін автомобиль өтеді. Болашақта жұмыс Қытаймен шекараға жақын орналасқан "Қорғас" үлгісінде үлкен логистикалық хабқа айналуы мүмкін. Біздің компаниялар Самара облысының шекарасында жүктерді қалдыруға және Ресей мен Еуропа аумағына кірмей еуропалық және ресейлік жүктерді алуға қызығушылық танытады. Егер көлік компаниялары логистикалық хабқа қатысуға қызығушылық танытса, онда біз өндірістік алаңдар мен қажетті инфрақұрылымды ұсына аламыз, – деді облыс басшысы.
Сондай-ақ, сауда - экономикалық байланыстарды орнату және іскер топтарды дамыту мақсатында Орал қаласы аумағынан Самара компаниялары үшін компания базасында өндірістік үй-жайларды айына 400-500 рубль (1 шаршы метрі) бағамен жалға ұсынылады.
БҚО әкімі мен Самара облысының губернаторы Ресей тарапынан Қазақстанға битум тасымалдауға салынған тыйымды алып тастау мәселесін талқылады.
Кездесу барысында тараптар ақпарат алмасу мәселесін де қозғады. Өңір абсшысының айтуынша пандемия кезінде облыстар шекарасында ПТР-тесттердің жалған нәтижелерін ұсыну мәселесі туындаған. Вирустың таралу қаупін азайту үшін облыс әкімі анықтамалардың түпнұсқасын жедел анықтау үшін жауапты тұлғалармен тікелей байланыс орнатуды ұсынды.
Самара облысының губернаторы Дмитрий Азаров облыстар арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, өңір басшысының бастамаларына қолдау танытты.