Бүгінде өңірде бірнеше нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Солардың бірі - «Орал» халықаралық әуежай терминалының құрылысы. Бүгінде объективті себептерге байланысты құрылысы кешеуілдеген әуежайға қатысты түрлі қоғамдық пікірлер қалыптасуда. Өңір басшысының тікелей қадағалауымен жүзеге асып жатқан құрылыс нысанына реконструкциялау жұмыстары жүргізілген болатын. Реконструкциялау барысында анықталғандай ғимараттың іргетасы мүлдем тозығы жеткенін және оны қайта салу керектігін анықтап, құжаттамаға өзгерістер енгізілді. Қазіргі уақытта мердігер компания құрылыс жұмыстарына кірісіп кетті.
-Өткен жылдан бастап, тек жол салуға емес, өңірдегі барлық құрылыс нысандарына қоғам тарапынан бақылау күшейтілді. Бұл ең алдымен ашықтықты қамтамасыз етуге және бөлінген қаражатты тиімді пайдалану үшін жасалып отыр. Осындай бақылау жұмыстарына халық белсене араласу керек. Сонда ғана жөндеу жұмыстарының сапасы артатын болады. Бұл жұмыстар негізгі қағидаттарға сай мемлекеттік органдарға сенімділікті нығайтып, сыбайлас жемқорлықпен күресте өз жемісін береді деп білемін, - деді өңір басшысы Ғали Есқалиев тұрғындар алдындағы есепті кездесуінде.