
Облыс әкімі Ғали Есқалиев Бәйтерек ауданына іссапармен келді. Өңір басшысы аудандағы кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен, қолға алынған инвестжобаларды, күрделі және ағымдағы жөндеуге жабылған әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыстарымен танысты.
Алдымен Дариян ауылындағы «Каверин» ЖШС-не барған Ғали Есқалиев сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорын жұмысын көрді. Сүтті қайта даярлаумен айналысатын шағын зауыт осы күні ісін біріздендіріп, сары май, чечил ірімшігін шығаруда. Оны көрші облыстар мен Ресей Федерациясының шекаралас аудандарына экспорттайды. Серіктестік басшысы Сергей Кавериннің айтуынша, зауыт болашақта өндірісін кеңейтіп, түрлі йогурттар мен басқа да сүт өнімдерін жасауды қолға алмақ екен.
-Қазіргі таңда зауытымыз бар қиындықтан өтіп, жұмысымызға қарқын қостық. Осы беттен таймасақ, өндіріс көлемін арттырып, шығарылған өнім түрлерінің санын да арттыра аламыз. Басты мәселесі шикізаттың аздығында болып отыр. Өйткені ауылдардан жинаған сүт жеткіліксіз болып жатады,-деді С. Каверин.
Күніне 40 тонна сүт өңдеуге қауқарлы зауыт 50 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде ауданның әр ауылына барып, зауытқа қажетті сүт таситын бес арнайы көлік таң атысымен округтерді аралап, түске таман сүтті зауытқа жеткізеді екен. Сонымен қатар зауыт ресейлік «Башмолоко» фермасымен тығыз қарым-қатынас орнатып, шикізатты сол елден алдыруды да реттеген. Дегенмен шикізат сонда да аздық ететін көрінеді.
-Ауыл шаруашылығы дамыған Бәйтеректей ауданда осындай зауыттың болғаны жақсы. Келер жылы Юбилейныйда сүт-тауарлы фермасы іске қосылатын болады. Шикізатты сол жерден алуға мүмкіндік болады,-деді облыс басшысы.
Кейін Дарияндағы ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанын да өңір басшысы көрді.
Бірнеше жылдан бері аудан және облыс әкімінің халық алдындағы есептік кездесуінде көтерілген бұл мәселе биыл шешімін тапқан.
-Жалпы аудан аумағында 86 шақырымнан астам жол жөнделуде. Бүгінде Мичурин ауылы мен оған қарасты Асан ауылының жолдарын жөндеу жұмыстары аяқталды. Аудан орталығы Переметныйда да біраз көшеге асфальт төселді. Ал Дариянда жалпы ұзындығы төрт шақырымнан астам жол жөндеу жұмыстары келер жылы аяқталады,-деді аудан басшысы Марат Тоқжанов.
Дарияндағы сапарын облыс әкімі ауылдағы орыс мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарын көрумен аяқтады.
Алпысыншы жылдардан бері жөндеу көрмеген білім ошағының бүгінде төбесі жөнделіп, терезелері ауыстырылған және қасбеті ретке келтірілген. Қазір жертөле жөнделіп, ішкі сылақ жұмыстары жүргізілуде екенін айтады мердігер компания басшысының орынбасары Сержан Айтжанов.
-Ең бастысы осы кезге дейін мектеп спортзалы өте қауіпті болды. Оның мәселесін мердігер компания реттеді. Сонымен қатар кей жоспарға енбей қалған жұмыстарды да құрылысшылар жасап кетуде. Ауыл халқы да, ұстаздар қауымы да жөндеу жұмысын мойнына алған компанияға разы,-деді М.Тоқжанов.
700 балаға шақталған мектепте 600 оқушы білім алуда. Штаттық режимде оқып жатқан жүзден астам оқушы уақытша ауылдағы мәдениет үйі ғимаратына көшірілген.
-Қазір барлық жұмысты аяқтай келдік. Мектептің электр құрылғыларын да жаңаладық. Сылақ жұмыстары аяқталған соң жылыту жүйесінің мұржасын ауыстырамыз. Негізі аяқтау мерзімі келер жылдың ақпаны еді. Бірақ істі мерзімінен бұрын бітіріп, жыл соңында тапсырмақпыз,-дейді мердігер компания басшысының орынбасары С.Айтжанов.
Мектеп директоры Оксана Шохинаның айтуынша, білім ошағының жөнделуі ауыл үшін мереке және тарихи оқиғаға пара-пар жағдай екен.
-Мектеп басшысы болған соң жөндеу жұмыстары басталғалы құрылыс басында жүрмін. Барлық жұмыс сапалы орындалуда. Барлығымыз осы істің аяқталғанын күтудеміз. Бір қуантарлығы жұмыстардың уақытынан бұрын аяқталатыны,-дейді Оксана Шохина.
Дарияннан шыққан соң Ғали Нәжімиденұлы Трекин ауылдық округіндегі іргелі кәсіпорындарының бірі саналатын «Жеңіс» жеке кәсіпкерлігінің мал бордақылау алаңынын жұмысымен танысты. Ауылдың 10 азаматын жұмыспен қамтып отырған алаң 2018 жылы 120 бас мал алған болса, өткен жылы оның санын 140-қа жеткізген. Ал биыл бордақыға 160 бас ірі-қара қойылған.
Кәсіп иесі Төлеген Еркештаев алдағы уақытта тек етті сиырларды ғана емес, сүтті мал асырау ісін де бастағысы келетінін айтады.
-Мал ұстаған соң шөптен таршылық болмағаны жақсы. Кәсіпті кеңейтіп, мал басын көбейтуге шабындықтың жоқтығы кедергі. Осы кезге дейін шөпті тасып келеміз. Жақын маңнан шабындық таба алар емеспіз,-дейді Т.Еркештаев.
Расымен де бүгін ауданда тек шабындық қана емес, жайылым да таршылық етуде. Оны аудан басшысы Марат Тоқжанов та кездесу барысында атап өтті. Айтуынша, биыл жерді пайдалана алмаған кәсіп иелерінен 9 мыңнан астам жер мемлекетке қайтарылған. Өңір басшысының пайдаланылмайтын жерлерді қайтару туралы тапсырмасы шыққанан кейін көп шаруа телімдерін жыртып, күздік бидай егіп те тастаған екен.
-Тапсырмаңызға сәйкес жұмыстанып, жерлерді мемлекетке қайтара бастағанда көп шаруа іске кірісті. Біразы жерді жыртып, егін де салды. Олардан қандай нәтиже болатынын келер жылы көреміз. Бұлардың ішінде қолынан іс келетін кәсіпкерлер де бар. Сол себепті көп адамға мүмкіндік бердік,-деді Марат Лұқпанұлы.
Жер тапшылығының мәселесі ауданда күйіп тұрғанынан хабардар екенін айтқан өңір басшысы бұл сұрақты үнемі бақылауда ұстау керектігін тапсырды.
-Бәйтерек ауданынан жер алып, шаруашылық бастағысы келетін кәсіпкерлер жетерлік. Құнарлы да пайда берер телімдер нағыз қолынан іс келетін және де инвестиция құюға әзір кәсіпкерлерге берілуі керек,-деді Ғ.Есқалиев.
Мал бордақылау алаңынан шыққан соң облыс әкімі Трекин ауылындағы орыс мектебінің жұмысымен танысты. Мектеп директоры Риса Мәмешеваның айтуынша, бар болғаны 230 орынға шақталған мектеп осы күні таршылық ете бастаған.
-Жыл сайын оқушы саны өсіп келеді. Былтыр 50 бала қосылса, биыл 32 оқушы мектеп сыныптарын толықтырды. Трекиннен бөлек бұл жерде Жайық ауылынан келген оқушылар да білім алады. Мектеп бейімделген ғимаратта болғандықтан, актзалы жоқ. Ал спортзалы еш стандартқа сай келмейді,-деді білім ошағының басшысы Р. Мәмешева.
Мектепте асхана атымен жоқ. Бастауыш сынып оқушылары жақын жердегі қазақ мектебінен тамақтанады екен. Бір қуантарлығы осы кезге дейін мектеп оқушыларының басты проблемасы болған әжетхана мәселесі шешілген. Биыл ғимарат ішінен әжетхана салу ісін жергілікті басқару органдары кәсіпкерлерді тарту арқылы бір жақты етіпті.
Бүгінде жыл санап халық саны артқан Трекинде жөні түзу спорт нысаны жоқ екенін айтқан облыс басшысы аталған мәселені шешу ісін реттеу керек екенін қаперледі.
-Трекинде осы күні халық саны төрт мыңға таяды. Ауыл жастары мен тұрғындары уақыттарын тиімді пайдалану үшін бір спортзал болуы керек. Бәйтерек ауданында жеке кәсіпкерлердің көмегімен ірі әлеуметтік жобаларды іске асыру жағы жақсы жолға қойылғанын білеміз. Краснов округінде жергілікті кәсіпкер Бейбіт Асановтың мәдени-спорт кешенін салып жатқанынан да ел хабардар. Сондықтан трекиндік кәсіпкерлерді де осындай игі істі атқаруға жұмылдыру жолын қарастырған жөн,-деді Ғ.Есқалиев.
Кейін округ аумағында салынып жатқан жағажай және монша-сауықтыру кешені бар демалыс және су ойын-сауық паркінің құрылысымен танысқан облыс басшысы болашақта көп елдің сүйікті демалыс орнына айналуға қауқары бар орынның қазіргі жайы қалай екенін бағамдады.
Биыл маусым айында басталған парктің кіре берісі мен автотұрағы, кафе мен гигиеналық аймағы және ас дайындайтын орны аяқтала келген. Сонымен қатар суға түсетін екі пирс салынған.
-Қыс бойы аталған орындардағы жұмыстарды толығымен аяқтап, суға шомылу маусымы басталған шақта қонақтарды қабылдауға дайын болғымыз келеді. Наурыз айынын бастап, аймақты абаттандыру ісіне де кірісеміз,-деді сол жердің құрылысына жауапты маман Нұрболат Жексенғалиев.
Сонымен қатар саябақ аумағында үш қабатты монша мен қонақ үй және мейрамхана салынады екен.
Бұдан соң облыс әкімі округке қарасты Новенький ауылына ат басын бұрды. Тозығы жеткен ауыл мектебінің күйін көрген Ғали Есқалиев ұстаздармен сөйлесіп, білім ордасының қазіргі жағдайын бағамдады. Күн санап халық саны артқан шағын ғана ауыл мектебі осы күні тоза келген. Небары 119 оқушыға шақталған мектепте 230-дан астам оқушы оқып жүр.
-Биыл мектепті 5 оқушы аяқтайтын болса, 19 бала келеді. Келер жылы 27 оқушы мектеп табалдырығын аттамақ. Бұл өсім енді тоқтамасы анық. Осылай жалғасатын болса, 2025 жылға қарай 272 оқушы болады деген болжам бар,-дейді мектеп директоры Александр Сажнев.
Бүгінде әбден тозығы жеткен мектеп жөндеуді қажет етеді. Терезелерінен жел соғып, сыныптар суып кетеді екен. Жылыту жүйесі де ескірген. Сондай-ақ оқушы санының өсуіне байланысты қосымша оқу ғимараты салынуы қажет.
Қазір Новенький ауылындағы мектепті жөндеп, оған қосымша ғимарат салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Сафиуллиннің сөзінше, бүгінде ол жұмыстың жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр екен. Егер келер жыл басында құжат толықтай дайын болса, қаражат бөлініп, ауыл тұрғындарының басты мәселесі өз шешімін таппақшы.
-Қала іргесінде болған соң, ауыл мектебі де жөндеуді талап етеді. Аудан басшылығы мен білім бөлімінің аталған сұрақты назарда ұстап отырғаны қуантады. Қашан қаражат бөлінсе де білім ошағы жөнделуі керек. Өйткені бұл – бүгінгі күннің басты мәселесі,-деді облыс басшысы.
Сапарының соңында Ғали Есқалиев Достық аулына келді. Бұл округтің де басты мәселесі – мектеп. Өйткені тозығы жетіп, жары мен іргетасы сөгілген білім ордасының қазіргі жағдайы көпшілік көңілін көншітпей отыр. Бүгінде жары сөгілген мектептің қапталында сабақ өткізілмейтін болған. Сонымен қатар спортзалының төбесінен су кететін болған. 600 оқушыға шақталған мектепте бүгін 890 бала білім алуда. Осынша өсім ауылға қоныс аударушылардың санының көптігінде болып отыр. Мектеп директоры Светлана Голубева ауылда 1-11 сынып аралығында 900-ге жуық, 0-5 жас аралығындағы 500-ге тарта бала бар екенін айтады. Мектепке келер жылы 200 оқушы келеді екен.
Аудан әкімі Марат Тоқжанов бүгінде Бәйтеректегі басты мәселелердің бірі мектептерді жөндеу болып отырғанын айтып өтті. Сонымен қатар көп ауыл қала маңында орналасқандықтан көшіп келушілер саны да артуда. Соның салдарынан Щапов, Достық сияқты ауылдарда бір-екі жыл ішінде мектеп орындары тапшы болуы мүмкін екенін де аудан әкімі өз сөзінде атап өтті.
-Ауданның біраз мектебі күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл Достық ауылында, Щаповта және Жамбыл ауылдарында мектеп салу жоспарда бар. Барлығына қажетті сметалық құжаттар дайындалуда. Бұл ауылдарға үлкен мектеп салу ісі сұранып тұр. Ал Мичурин ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылына мектеп салу да заман талабы. Неге десеңіз, аталған ауыл мен маңындағы елді мекендердің балалары Асан ауылына қатынап оқиды. Мектеп автобусы көп көлік жүретін магистральды жолға шығады. Бұл да қауіпті, сол себепті Жамбылға да бір білім ошағын салуымыз керек,-деді Марат Лұқпанұлы.
Ауданда қазір 46 мектеп бар болса, оның 27-не мүлдем күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаған. Бұдан бөлек жол мәселесі де шешімін күтуде екен. Келер жылы аяқталатын Переметный-Шалғай тас жолының ауылға жетпей қалған бөлігін қосу жайы да осы күні шешілген. Железнов-Переметный-Белес жолы да алдағы күндері шешілмек.
-Жолдар мен мектептерді жөндеуге қажетті қаражат жұмыс орындары құрылып, кәсіп ашуға толық мүмкіндік болатын перспективалы ауылдарға бірінші кезекте бөлінеді. Қала маңындағы ауылдарда халық саны өсіп жатқаны барлығымызға белгілі. Бірақ, келген адамдарға жұмыс жасайтын мүмкіндіктерді де туғызған абзал. Сол себепті аталған ауылдарда да кәсіпкерлік саласы дамуы керек,-деді Ғ.Есқалиев.
Сондай-ақ ауданның жері құнарлы екенін ескеру керек екенін баса айтқан облыс басшысы ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді дәнді дақыл егуге жұмсау керектігін ескертті.
-Соңғы кезде ірі қара емес, жандық, яғни қой санын қысқарту бағытында жұмыстанудамыз. Жеріміздің сапасы да, құрамы да бөлек. Шаруашылықты егіс егуге бағыттағанымыз дұрыс болады,-деді аудан басшысы М.Тоқжанов.
Бұл үрдістің дұрыс екенін айтқан өңір басшысы барлық шаруашылықтардың құжаттарын тексеріп, егіс егуге бағытталған жерлерді өз мақсатына пайдалану керек екенін айтты.
-Бәйтерек ауданы қашан да егін егіп, қала мен алыс-жақын облыстарды жеміс және астықпен қамтып отырды. Қазір біз ауданның сол шаруашылығын қайтаруымыз керек. Ол үшін жерді рационалды пайдаланып, өсімдік шаруашылығын дамытуға күш салуымыз қажет,-деді Ғ.Есқалиев.
Сөз соңында айта кетейік, Достық ауылына салынуы қажетті мектептің жобалық сметалық құжаттары дайындалып, арнайы сараптамадан өтсе, ауылда екі мектеп болады. Бұл өз кезегінде білім ордасындағы орын тапшылығын жоюға көп септігін тигізуі мүмкін. Бұл мәліметті бізге аудан әкімнің орынбасары Мұрат Залмұқанов берді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы,
zhaikpress.kz